QazTrade: Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер
қазақстандық шикізаттық емес экспорттың негізгі өсу драйверлерінің
біріне айналуда
Астана қ., 2026 жылғы 13 мамыр
Астанада мемлекеттік органдардың, даму институттарының, сауда
палаталарының, бизнес қауымдастықтардың, кәсіпкерлер қауымының,
логистикалық компаниялардың, инвестициялық құрылымдардың,
халықаралық серіктестердің, сондай-ақ түрік кооперативтері мен шетелдік
іскер топтардың өкілдерін біріктірген «ТМҰ елдерінің экономикалық
интеграциясы мен кооперациясы: өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, логистика
және цифрландыру салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» атты бизнес-форум
өтті.
Форум аясында «Инвестицияларды тартудың практикалық тетігі
ретінде өндірістік, ауыл шаруашылығы, логистикалық және сауда
кооперациясының бірыңғай платформасын іске қосу» тақырыбында
панельдік сессия ұйымдастырылды.
Қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы
өнеркәсіптік, аграрлық, логистикалық және сауда кооперациясын дамытудың
практикалық тетіктерін, сондай-ақ тұрақты халықаралық өндірістік-сауда
тізбектерін қалыптастыру, экспорттық инфрақұрылымды дамыту және
инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.
Панельдік сессияға «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ
Бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров қатысты. Өз сөзінде ол
экспорттаушыларды қолдау шараларын және QazTrade-тің қазақстандық
өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша практикалық тәсілдерін
таныстырды.
Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, ТМҰ елдері бүгінде
Қазақстан үшін ең қарқынды дамып келе жатқан әрі стратегиялық маңызы
жоғары экспорттық бағыттардың біріне айналып отыр.
«Біздің міндетіміз – жеткізу көлемін ұлғайтып қана қоймай, Қазақстан
тұрақты сапалы өнім ұсынатын сенімді әріптес ретінде қалыптасатын
орнықты экспорттық тізбектерді құру», – деді ол өз сөзінде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі
мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы тауар айналымы 12,9 млрд
АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өсті. Бұл
ретте қазақстандық экспорт 19,9%-ға артып, 9,49 млрд АҚШ долларына
жетті. Өсімнің негізгі драйверлері ретінде бидай, күнбағыс майы, металл
өнімдері, кондитерлік өнімдер, дайын азық-түлік және минералды су секілді
қосылған құны жоғары өнімдер аталды.
Сондай-ақ сөз барысында QazTrade жүзеге асырып жатқан
экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдары
таныстырылды. Олардың қатарында экспорттаушылар шығындарының бір
бөлігін өтеу, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы, сауда-экономикалық
миссиялар, B2B форматындағы кездесулер, цифрлық экспорт құралдары
және отандық компанияларды халықаралық маркетплейстерде ілгерілету бар.
2025 жылы іске қосылған «QazTrade Alliance» Ұлттық
экспорттаушылар альянсына да ерекше назар аударылды. Альянс
өндірушілерді, ритейлерлерді, салалық сарапшыларды және мемлекеттік
институттарды біріктіріп, отандық компанияларды сыртқы нарықтарға
кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді — маркетинг пен сертификаттаудан
бастап логистика мен шетелдік серіктестерді іздеуге дейін.
QazTrade ұйымында ТМҰ елдері арасындағы кооперацияны дамыту
тек сауда төңірегінде ғана емес, сонымен қатар бірлескен инфрақұрылым,
бірыңғай цифрлық шешімдер, келісілген логистикалық тәсілдер және
тұрақты өндірістік байланыстар негізінде құрылуы тиіс екені атап өтілді.
Форум аясында қатысушылар ТМҰ елдерінің бірыңғай
кооперациялық платформасын құру перспективаларын да талқылады. Бұл
платформа өндірушілерді, фермерлерді, өңдеушілерді, логистикалық
операторларды, сауда желілерін және инвесторларды біріктіретін
практикалық тетікке айналуы мүмкін.
QazTrade аталған бастаманы іске асыру үшін экспорттық дайындық
диагностикасынан бастап экспорттық мәмілелерді цифрлық сүйемелдеуге
дейінгі өз әдіснамасы мен платформалық шешімдерімен бөлісуге дайын
екенін білдірді.




