«Лас» өндіріс қазақстандық экспорттың құрылымын қалай өзгерте алады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

«Лас» өндіріс қазақстандық экспорттың құрылымын қалай өзгерте алады

Бұл туралы АХҚО жасыл қаржы орталығының вебинарлар сериясы аясында «QazTrade» АҚ-тың Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова айтып берді. Вебинарларға қатысушылар 2022 жылы орнықты дамудың өзекті мәселелерін талқылады.

Соңғы жылдары Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаларды қабылдау бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Еуропалық шығарындылар саудасы жүйесін (ШСЖ) қайта қарау және 2023 жылдан бастап шекаралық көміртекті түзету салығын (CBAM) енгізу жоспарланған, ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Оған дейін хабарлама тәртібі қолданылады.

Реттеу цемент, электр энергиясы, тыңайтқыштар, темір және болат, алюминий сияқты импортталатын тауарларға қолданылады.

Айнұр Әмірбекова түсіндіргендей, ластаушы заттар шығарындыларын реттеудің үш аймағы көзделеді: өндіріс кезіндегі тікелей шығарындылар, электр энергиясы үшін шығарындылар және өндірісте пайдаланылатын шикізат пен материалдар үшін шығарындылар.

Бүгінгі таңда ЕО елдеріне қазақстандық экспорттың 88%-ы мұнайға, 2,7%-ы мұнай өнімдеріне, 4,7%-ы негізгі металдарға, 3,2%-ы басқа өнімдерге және 1,2%-ы ауыл шаруашылығы өнімдеріне тиесілі.

Қазақстан «алюминий» тобынан тауарларды едәуір көлемде жеткізеді. 2021 жылы олардың 223,6 миллион доллар тұратын жалпы салмағы 90,2 мың тоннаны құрады. 2021 жылы «темір және болат» тобынан тауарларды жеткізу 31,9 млн долларды, ал жалпы салмағы 27,7 мың тоннаны құрады.

«Ресей мен ЕО-дағы «ұқсас» өндірістердің шығарындылары деңгейіне сәйкес CBAM көлеміне бағалау жүргізілді (экологиялық тұрғыдан ең нашар құрылғылар алынды»). Бұл жағдайда бағалау көміртектің үнемі өзгеріп отыратын бағасына байланысты екенін ескеру маңызды. Алюминий экспорттаушыларға жүктеме 6,7%-ға жетеді, металлургия өнімдерін экспорттаушылар үшін шамамен 1,1%-ға жетеді, ал тыңайтқыш экспорттаушылар 0,8% мөлшерінде қосымша жүктемені сезінеді. Қазақстандық экспортта көміртектің құрамдас бөлігі неғұрлым жоғары болса, ЕО-ның импорттаушы елдердегі алымдары соғұрлым жоғары болады», – деді Айнұр Әмірбекова вебинар барысында.

Осыған байланысты Қазақстан экономикасы үшін де, қазақстандық экспорттаушылар үшін де белгілі бір тәуекелдер туындауы мүмкін. Біріншіден, қазақстандық тауар қымбаттайды, ал оның еуропалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Екіншіден, өткізу нарығын жоғалту ықтималдығы жоғары.

Шығындарды азайту үшін бизнес қазірдің өзінде белсенді әрекет етуі керек. Мысалы, өнеркәсіптік компаниялар өндірістің барлық процестерін электрлендіруді қарастырып, декарбонизация бойынша халықаралық стандарттарды енгізе алады. Тағы бір нұсқа – аз көміртекті қажет ететін тауарларды ЕО нарығына жеткізуді жолға қою және керісінше, көміртекті көп қажет ететін өнімдердің экспортын жаңа нарықтарға қайта бағыттау қажет.

«Компаниялар қазірдің өзінде өз шығарындыларын бағалап, верификациялауы керек, әйтпесе болашақта экспорттаушы үшін тиімсіз болатын орта салалық мәндер бойынша төлеуге тура келеді. Сондай-ақ, өнімнің көміртегі сыйымдылығын растауға және CBAM енгізілуіне байланысты туындайтын мәселелерді пысықтау үшін ЕО реттеушілерімен өзара іс-қимылға бейімделуге дайын болу қажет», – деп қорытындылады Айнұр Әмірбекова.

Естеріңізге сала кетейік, «QazTrade» АҚ-ы төмен көмірсутекті дамыту үшін тұрақты инфрақұрылымды әзірлеу бойынша ЭЫДҰ жобасының үйлестірушісі болып белгіленді.

Пікір қалдыру