Түркістанда 26-27 сәуір аралығында ЕО елдеріне халықаралық сауда және экспорт ережелері бойынша практикалық семинар өтті. Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade жобасы аясында QazTrade және Халықаралық сауда орталығы қазақстандық экспорттаушыларға әлемдік нарықтардың ерекшеліктерін зерделеуге көмектесу үшін кәсіпкерлерге арналған оқыту курстарын ұйымдастырды.
Бүгінгі таңда ЕО елдері Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-н құрайды. Еуропалық нарықтың алыстығына қарамастан, көптеген қазақстандық компаниялар өз тауарларын осында сәтті экспорттайды.
Тренингке қатысушылардың бірі Әлібек Мұхитов Түркістан және Қызылорда облыстарында балық бизнесін дамытуда. Оның кәсіпорны ішкі нарықта балық өнімдерін өндірумен, өңдеумен, сақтаумен және сатумен айналысады және Еуропалық Одақ елдеріне сатуға жібереді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін семинарлар өткізу бизнес-құзыреттілікті арттыруға ықпал етеді және өңірдегі халықаралық бизнесті дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
«Практикум нақты білім мен ақпарат алуға бағытталған. Жаттықтырушылар қосымша сілтемелер мен ресурстарды береді, онда сіз белгілі бір жағдайға қолданылатын деректерді таба аласыз. Егер мұндай семинарлар бірнеше деңгейге бөлінсе, яғни жаңадан бастаған және анағұрлым озық экспорттаушылар үшін кәсіпкерлер өз құзыреттерін лайықты түрде арттыра алады», – деді Әлібек Мұхитов.
«Insaf LTD» ЖШС өкілі Мұқаддас Кузиеваның да халықаралық сауда тәжірибесі бар. Оның компаниясы Ауғанстанға ұн экспорттайды, сондай-ақ Түркістан қаласындағы жалғыз ұн тарту зауытына иелік етеді. Жаһандық өзгерістер жағдайында өз білімін жетілдіру қажет екенін түсініп, ол екі күндік оқудан өтті.
«Тренинг пен кеңесшілердің арқасында көптеген өзекті және құнды ақпарат алды. Мұндай семинарлар білімдегі олқылықтарды жабуға көмектеседі, пікірлестермен қарым-қатынас жасауға, экспорттық қызмет барысында туындайтын мәселелердің оңтайлы шешімдерін бірлесіп табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мұқаддас Кузиева.
Тренинг соңында қатысушылар дәстүрлі тестілеуден өтіп, қателерді талдайды. Нәтижесінде әрқайсысына курстардан өткені туралы сертификат беріледі.
QazTrade және Халықаралық сауда орталығы жаңа экспорттаушыларды даярлау және халықаралық нарықта жұмыс істейтіндерге өз дағдылары мен білімдерін жетілдіруге көмектесу үшін Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі кәсіпкерлер үшін оқыту курстарын өткізуді жалғастырады. Оқыту тренингтері Астана, Алматы, Павлодар, Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында өтті.
Жоба жетекшісі, «QazTrade» АҚ-ы Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова хабарлағандай, сауда ережелері туралы курстарды Qaztradeacademy білім беру порталында онлайн режимінде мына сілтеме бойынша өтуге болады: https://www.qaztradeacademy.kz/course/info.php?id=1910.
«Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен Ready4Trade – Орталық Азия бағдарламасы аясында құрылған бұл оқыту жобасы Халықаралық сауда орталығы мен QazTrade сарапшыларының белсенді бірлескен жұмысының нәтижесі болды», – деп нақтылады ол.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру жобасы Орталық Азияның төрт елінің аумағында жүзеге асырылуда: Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан. Оқыту екі форматта қол жетімді – жаттықтырушылар басқаратын офлайн семинарларда және онлайн QazTradeAcademy.kz оқыту платформасында.