QazTrade: Жасанды интеллект экспортты жаңа деңгейге шығарады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade: Жасанды интеллект экспортты жаңа деңгейге шығарады

Digital Bridge 2025 халықаралық форумында ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров «Экспорттаушыларға арналған бірыңғай терезе» ұлттық цифрлық платформасын таныстырды.

Жаңа жүйе жасанды интеллект пен Big Data негізінде жұмыс істейді. Сауда нарығына талдау жүргізіп, логистика, кедергілер мен мемлекеттік қолдау шараларын біріктіреді. Сондай-ақ, тауар өндірушілерге шетел нарығына шығудың стратегиясын құруға көмектеседі.

Алдажаровтың айтуынша, бұл платформа Қазақстанның бүкіл экспорттық қолдау жүйесін жаңа деңгейге шығармақ.

«Бұл жай ғана сервис емес. Бизнеске жылдам әрі дәлірек шешім қабылдауға жағдай жасайды. Біз реактивті басқарудан проактивті модельге өтудеміз. Яғни мүмкіндіктерді алдын ала көріп, экспортқа шыққысы келген бизнесті соған дайындаймыз»,- деді Алдажаров.

Оның айтуынша, жаңа құрал компанияларға сертификациядан бастап логистика мен дистрибьютор табуға дейін дайын ұсыныстар береді.

«Мысалы, егер бал немесе органикалық май өндіруші Оңтүстік Корея нарығына шыққысы келсе, жүйе бірден қай жерде сұраныс барын, қандай стандарттардан өтіп, қандай арналар арқылы әрекет ету керектігін көрсетеді»,-деп түсіндірді QazTrade басшысы.

Алдажаров сондай-ақ форумда, Қазақстандағы экспорттық даму институттарының күшін бір жүйеге біріктіруді ұсынды.

«Бізде әртүрлі құрылымдар кейде бір-біріне ұқсас қолдау шараларын ұсынады. Бұл өндірушілерді шатастырады. QazTrade-ке бірыңғай оператор мәртебесін беру экспорттаушылар үшін бір терезе қағидатын қалыптастырады. Бір орталықтың нәтижесінде бюджетке түсетін жүктеме де азаяды»,- деді ол.

QazTrade басшысы елімізде цифрлық трансформация елдің сыртқы экономикалық инфрақұрылымын кеңейтуімен қатар жүріп жатқанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның Чэнду, Нанкин, Үрімші, Дубай және Термез қалаларында QazTrade сауда үйлері мен кеңселері жұмыс істейді, ал Тяньцзинь қаласында ұлттық павильон ашылып, отандық өнімдердің Қытай нарығына тікелей шығуын қамтамасыз етуде. Жақын уақытта QazTrade өкілдігі Тегеранда да ашылады.

«Бұл алаңдар жай ғана инфрақұрылым емес, экспортқа шығудың нақты нүктелері. Шетелдегі сауда үйлеріміз мен кеңселер тиімді жұмыс істеуі үшін QazTrade-тің цифрлық сервистерімен біріктіріп жатырмыз»,- деп түйіндеді Алдажаров.