Қазақстан май-тоң май өнімдерінің экспортын жылына 1 млрд АҚШ долларынан жоғары деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өңір тарихындағы алғашқы 2026–2028 жылдарға арналған салалық Жол картасы әзірленді. Оның таныстырылымы 11 желтоқсанда Астанада өтеді.
Жаңа құжат саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды. Олар:
– терең қайта өңдеуді ұлғайту,
– шикізат тапшылығын жою,
– агротехнологияларды енгізу,
– логистиканы жаңғырту,
– өндірістік қуаттарды кеңейту,
– дайын өнімді шетелдік нарықтарға шығару.
Жол картасы сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және АӨК экспорттық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Май-тоң май саласының бүгінгі жағдайы:
• өсімдік майларының экспорты соңғы 10 жылда 10,8 есеге өсті
• 2024 жылы өсімдік майларының экспорты 505,7 млн долларды құрап, алғаш рет шикізат экспортынан жоғары болды
• Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ТОП-10 елдің, сондай-ақ күнбағыс шроты бойынша ЕО-ға жеткізушілердің ТОП-3 елінің қатарына енді
• күнбағыс майын өндіру 3 жылда 2,5 есеге артты, ал қайта өңделген өнімдердің жалпы экспорты 1 млн тоннадан асты
QazTrade Бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров құжаттың маңызын атап өтті:
«Әрбір қайта өңделген тонна – жаңа жұмыс орындары, жоғары табыс және азық-түлік қауіпсіздігі. Біздің міндет – кәсіпорындардың жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшуіне және сыртқы нарықтарға сенімді шығуына көмектесу. Жол картасы — осы мақсатқа жетудің нақты құралдарын ұсынатын маңызды құжат», — деді ол.
Құжат сондай-ақ шикізат базасын кеңейтуді қарастырады. Бүгінде майлы дақылдар 4,1 млн гектарға егіледі, бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 5 млн гектарға дейін ұлғайтылады. Елде 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, алайда олардың жүктемесі небәрі 35%, бұл шикізат пен логистиканы арттыру арқылы өсу әлеуетінің зор екенін көрсетеді.
Жол картасын әзірлеуге ҚР Сауда және интеграция министрлігі, QazTrade, Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы, Халықаралық сауда орталығы (ITC) және Еуропалық одақ қатысты.



