QazTrade пен AzExport ынтымақтастықты кеңейтуде - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade пен AzExport ынтымақтастықты кеңейтуде

QazTrade Әзербайжанмен транзит, логистика және ұлттық тауарларды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде. Бұл туралы Бакуде өткен Еуразиялық франчайзинг форумында белгілі болды.

Қазақстан мен Әзербайжан қазірдің өзінде AzPromo және KOBIA агенттіктерімен меморандумдарға қол қойып, серіктестікті бекіткен. Қазір тараптар тәжірибе алмасу, бірлескен цифрлық бастамаларды іске қосу және экспорттық бағдарламаларды мониторингтеу сияқты келісімдерді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға көшті. Келесі жылдың басында Әзербайжан делегациясының Қазақстанға жауап сапары жоспарлануда.

QazTrade басқарушы директоры Айнұр Амирбекованың айтуынша, Қазақстан экспорттық географиясын кеңейтуді жалғастыруда, ал бүгінде назарда Әзербайжан мен Түркия нарықтары тұр.

«Қазақстандық өнімдер ел шекарасынан тыс нарықтарға сенімді түрде шығып келеді. «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасы аясында біз екі елдің сауда желілері мен дистрибьюторларымен келіссөздер жүргіздік. Негізгі көңіл өсімдік майлары мен шоколадтан бастап сүт өнімдері, талқан мен тары сияқты дәстүрлі тағамдар, сондай-ақ алкогольсіз сусындар мен қазақстандық араққа аударылуда», – деді ол.

Оның айтуынша, шетелде қазақстандық тауарлардың дәмі, сапасы және табиғилығы ерекше бағаланады.

«Бүгінде біз цифрлық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығудамыз. Меморандумға қол қою арқылы онлайн-платформаларды дамыту ісін жалғастырамыз. AzExport және QazTrade платформалары өндірушілерге шетелдік серіктестер табуға көмектесуде. Ендігі мақсатымыз – әлеуетті біріктіріп, үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу», – деп атап өтті Амирбекова.