Қазақстандық компаниялар Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің аясында 174,8 млн АҚШ долларына экспорттық келісімдерге қол қойды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстандық компаниялар Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің аясында 174,8 млн АҚШ долларына экспорттық келісімдерге қол қойды

Ақтау, 2026 жылғы 23- 24 шілде – Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшылары кеңесінің I отырысы өтті. Іс-шара екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара сауда көлемін кеңейту бағытындағы маңызды алаңға айналды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңір әкімдері, облыс хокимдері, даму институттарының, салалық қауымдастықтардың және екі мемлекеттің іскер топтарының өкілдері қатысты.

Іскерлік бағдарлама Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес қауымдастығы өкілдерін қоса алғанда, шамамен 300 қатысушыны біріктірді. Форум аясында екіжақты B2B кездесулер, салалық келіссөздер өткізіліп, бірлескен инвестициялық және экспорттық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

«QazTrade» АҚ іскерлік бағдарламаның тең ұйымдастырушысы ретінде қазақстандық бизнес-миссияны сүйемелдеуді, B2B кездесулерін ұйымдастыруды, екі ел компаниялары арасындағы келіссөздерді үйлестіруді және коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімдерін сүйемелдеуді қамтамасыз етті.

B2B кездесулерінің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 174,8 млн АҚШ долларын құрайтын 9 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдер агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі және металлургия салаларының өнімдерін жеткізуді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруды және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды қамтиды.

Форум аясында отандық экспорттаушыларды қолдауға ерекше назар аударылды. «QazTrade» АҚ-ның Экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушылары әлеуетті серіктестермен бірқатар келіссөздер өткізіп, экспорттық өнімдерін таныстырды және жалпы сомасы 25 млн АҚШ долларын құрайтын коммерциялық келісімдер жасасты.

Форум сондай-ақ технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, инновациялық шешімдерді енгізуге, цифрлық сауда құралдарын ілгерілетуге және Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары арасындағы кооперацияны кеңейтуге бағытталған серіктестік құжаттарға қол қою алаңына айналды.

«Бүгінде халықаралық бизнес-миссиялар қазақстандық шикізаттық емес экспортты ілгерілетудің ең тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Біздің міндетіміз – келіссөздер жүргізуге арналған алаңды ұйымдастырумен ғана шектелмей, кәсіпорындарға нақты коммерциялық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін кешенді қолдау көрсету. Ақтауда өткен форумның қорытындылары шетелдік серіктестердің қазақстандық өндірушілердің өнімдеріне жоғары қызығушылық танытып отырғанын және экспорт көлемін одан әрі ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсетті», – деп атап өтті «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

«QazTrade» АҚ отандық кәсіпорындарды сыртқы нарықтарға ілгерілету, халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Республикасының шикізаттық емес экспортын ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.