Құрт пен қымыздан бастап жент қосылған шоколад, консервіленген бешбармақ пен отандық дизайнерлердің сән топтамаларына дейін. Бейжіңде Қазақстан Республикасының күніне орай ұйымдастырылған ресми қабылдау аясында отандық өнімдердің ауқымды таныстырылымы өтті. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы компаниялар қытайлық серіктестерге қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін көрсететін түрлі тауарларды ұсынды.
Көрмеге еліміздің танымал кәсіпорындары, дамып келе жатқан брендтері мен дизайнерлері қатысты. Ұлттық дәстүрді заманауи өндіріс технологияларымен, ерекше қаптама түрлерімен және өнімді тұтынудың жаңа форматтарымен ұштастырған тауарларға айрықша назар аударылды.
Кондитерлік өнімдер қатарында қазақстандық «Рахат» және «Баян Сұлу» брендтерімен бірге Mirissima және Ult Dami компанияларының авторлық шоколадтары ұсынылды. Әсіресе құрамына құрт, балқаймақ, жент және талқан қосылған шоколадтар қазақтың ұлттық дәмдерін таныстырудың ерекше үлгісі болды. Сондай-ақ Kondiz, SBK Company, Pladis Kazakhstan компаниялары мен «Тәп-Тәтті» бренді өздерінің тәтті өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Қонақтар дәстүрлі қазақ тағамдарының заманауи үлгілерімен де танысты. Baraka бренді құрт, Dala Dami талқан, ал Honey 100% және NurMak брендтері табиғи дала балы мен түрлі шөптерден жиналған бал түрлерін ұсынды. Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер Ассоциациясы Қазақстанда өндірілген күнбағыс және зығыр майларын таныстырды.
Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері де кеңінен ұсынылды. Daulet және Sultan брендтері макарон өнімдерін, ал Daulet, Eurazyia және «Керемет» брендтері бидай ұнын таныстырды. «Шин-Лайн» компаниясы балмұздақ түрлерін, «Агропродукт» кәсіпорны қоюландырылған сүтті қоса алғанда, түрлі сүт өнімдерін ұсынды.
Көрменің ерекше назар аудартқан бөлігі ұлттық тағамдардың тың форматта ұсынылуы болды. Elim Ai бренді қымызды заманауи қалбыр қаптамада таныстырса, Sydyk Қытай нарығына қазірдің өзінде жеткізіліп жатқан сублимацияланған түйе сүтін ұсынды. Ал Merke Et компаниясы ет өнімдерімен қатар консервіленген бешбармақты көрсетті. Мұндай шешімдер қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындарын қазіргі тұтынушылардың сұранысына және шетелдік нарықтардың талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық өндірушілер еліміздің экспорттық әлеуеті тек азық-түлік саласымен шектелмейтінін де көрсетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар қатарында Telli Ondiris косметикалық өнімдері, Kazyna Gold зергерлік бұйымдары, сондай-ақ ADILI брендінің ұлттық ою-өрнек элементтері қолданылған киімдері, сөмкелері, орамалдары мен аксессуарлары ұсынылды. Іс-шара аясында қазақстандық дизайнерлердің, зергерлер мен косметика брендтерінің уақытша сауда алаңы (pop-up store) жұмыс істеді. Мұнда қонақтар отандық өнімдермен танысып қана қоймай, ұнаған бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Кештің жарқын сәттерінің бірі қазақстандық дизайнерлер мен сән брендтерінің топтамалар көрсетілімі болды. MEDINA SAKTAGANOVA Fashion House, Tatiana Yan, ADILI, BAIMAN, BAY және TAMYRÈ брендтері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық ою-өрнектер, дәстүрлі нақыштар мен заманауи сән үлгілері отандық сән индустриясының шығармашылық әлеуетін және қазақстандық брендтерді халықаралық нарықта ілгерілету мүмкіндіктерін көрсетті.
«QazTrade» АҚ бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова Қытай Қазақстанның шикізаттық емес экспортын кеңейтудегі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі әрі отандық өнім экспортын кеңейтуге мүмкіндік беретін перспективалы нарық. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар жоғары сапаны, ұлттық ерекшелікті және заманауи өндірістік шешімдерді ұштастырған тауарлардың кең ассортиментін ұсынып отыр. Біздің міндетіміз – компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуына қолдау көрсету, әлеуетті сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуына көмектесу және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашу», – деді Айнұр Әмірбекова.
Бейжіңдегі таныстырылым қытайлық тұтынушылар мен іскерлік ортаға қазақстандық өнімдердің алуан түрлілігін көрсетуге, отандық брендтердің танымалдылығын арттыруға және әлеуетті серіктестермен іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы компаниялар үшін мұндай іс-шаралар өз өнімдерін шетелде ілгерілетудің және жаңа нарықтардың мүмкіндіктерін зерделеудің тиімді құралдарының бірі саналады.
«QazTrade» АҚ қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықтарда ілгерілету, отандық өндірушілерге шетелдік серіктестер табуға жәрдемдесу және шикізаттық емес экспорт географиясын кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.









