ЭЫДҰ сарапшылары Астанадағы семинарда Қазақстан мен Орталық Азиядағы сауда байланыстарын дамыту жобасының аралық нәтижелерін ұсынды. Іс-шараға экспортты қолдау және саудаға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты.
Зерттеудің негізгі бағыты – сауда рәсімдерін жеңілдету және экспортты ілгерілету. Сарапшылардың пікірінше, сауда рәсімдерін жеңілдетудегі шағын жетістіктердің өзі дамудың кез келген деңгейіндегі елдерде шағын және орта бизнесті экспорттаушыға айналдыру мүмкіндігін 3%-ға дейін арттыруы мүмкін. Кедендік рәсімдерді автоматтандыру сияқты салалар ШОБ кәсіпорындарының экспортын 4,4-6,5%-ға арттыруы мүмкін.
Соңғы сегіз айдағы геосаяси өзгерістерге және дәстүрлі логистикалық тізбектердің үзілуіне қарамастан, Орталық Азиядағы сауда байланыстары берік болып қала береді. 2022 жылдың 8 айында Қазақстанның ОА елдерімен тауар айналымы 4,8 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8%-ға жоғары.
Орталық Азия өңірі елдеріне үш жалпы үрдіс тән. Бұл өңірішілік сауданы күшейту, трансшекаралық қағазсыз саудаға көшуді қоса алғанда, сауда рәсімдерін оңайлату және экспортты қолдаудың толыққанды экожүйесін қалыптастыру.
ЭЫДҰ сарапшылары өз жұмысында Орталық Азия елдеріндегі сауда рәсімдерін жеңілдетуді 11 индикатор бойынша бағалады. ЭЫДҰ сауда саясаты бөлімшесінің, сауда және ауыл шаруашылығы бөлімінің талдаушысы Сильвия Сореску Қазақстанның ашықтығы мен болжамдылығы, кедендік рәсімдерді автоматтандыру, баждар мен алымдар сияқты көптеген позициялар бойынша көрсеткіштері орта деңгейден жоғары және өңірдегі көршілерден озық екенін атап өтті. Құжаттарды ұсынуға қойылатын талаптарды оңтайландыру, оларды электронды түрде беру және сауда саласында «бір терезе» қызметін құру саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Сондай-ақ, семинар барысында ол сауда рәсімдерін оңтайландыру үшін күш салудың негізгі мәселелері мен перспективалық нүктелерін айтты.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда рәсімдерін оңайлату бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастығын дамытуға елеулі көңіл бөлуде.
Анықтама:
Жобаның II кезеңі Орталық Азия елдері арасындағы сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған. Жобаның мақсаты – Орталық Азияның алты еліне – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан – сауда байланыстары мен халықаралық интеграцияны кеңейту үшін өз мүмкіндіктерін барынша пайдалануға жағдай жасайтын саясат пен құралдар бойынша талдамалық және практикалық басшылықты беру. Жобаны ЭЫДҰ ҚР Сауда және интеграция министрлігімен және «QazTrade» АҚ-мен ынтымақтастықта іске асыруда. Жобаның ұзақтығы – 2 жыл.