Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігінің он жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде ел экспорты 46 млрд доллардан 82 млрд долларға дейін өсті, ал сыртқы сауда көлемі екі есеге жуық артты — 76 млрд доллардан 142 млрд АҚШ долларына дейін. Қазақстанның ЖІӨ ДСҰ-ға мүше болған 10 жыл ішінде 100 млрд доллардан астам өсіп, 2024 жылы 288,4 млрд долларға жетті.
Қазақстан ДСҰ-ның толыққанды мүшесі 2015 жылғы 30 қарашада болып, шамамен 20 жылға созылған келіссөздер процесін аяқтады. Осы сәттен бастап ел бірыңғай ережелер мен қағидаттарға негізделген жаһандық сауда жүйесіне интеграцияланып, экспорт пен сыртқы экономикалық қызметті дамыту үшін болжамды жағдайларға қол жеткізді.
«ДСҰ-ға мүшелік — бұл тек халықаралық мәртебе ғана емес, бизнес үшін практикалық құрал. Ол қазақстандық компанияларға сауданың түсінікті ережелерін, дискриминациялық шаралардан қорғаныс пен сыртқы нарықтарда неғұрлым тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етеді», — деді QazTrade басқарушы директоры Нұрлан Күлбатыров.
Ол мүшелік жылдарында экспорт құрылымының кеңейгенін атап өтті: тауар номенклатурасы шамамен мың позицияға артты, ал шикізаттық емес экспорттың үлесі 35,2%-ға дейін өсті. Бұл шикізат моделінен жоғары қосылған құны бар өнімдерге көшу үрдісін көрсетеді.
Сауда саясатының нәтижелері мен перспективаларына сараптамалық бағаны аналитикалық орталықтар да ұсынды.
«CAPS Unlock пен QazTrade бірлескен баяндамасы Қазақстанның сауда саясатының эволюциясын көрсетіп, елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру стратегиясын және өңірлік интеграциялық бірлестіктерді қалыптастыруын талдайды. Баяндамада негізгі серіктестермен сауда өзара іс-қимылы сараланып, экспорттың өсуі үшін перспективалы бағыттар көрсетілген. Сондай-ақ елдің сауда әлеуетін толық пайдалану үшін одан әрі зерттеулер мен бағалаулардың қажеттілігі атап өтіледі», — деді CAPS Unlock аға ғылыми қызметкері Азимжан Хитахунов.
Қазақстанның ДСҰ жүйесіне қатысу тиімділігі мен сауда саясатының алдағы басымдықтары бүгін Астанада QazTrade өткізген дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері, соның ішінде елдің ДСҰ-ға кіруінің бастауында тұрған мамандар қатысты.
«Он жыл ішінде Қазақстан жаһандық саудаға кірігіп қана қоймай, ДСҰ құралдарын институционалдық реформалар, сауда рәсімдерін жеңілдету және реттеудің ашықтығын арттыру үшін тиімді пайдаланды», — деді Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ДСҰ-ға мүшелік Қазақстан үшін аяқталған кезең емес, экспортты одан әрі арттыру, инвестиция тарту және елдің әлемдік саудадағы позицияларын нығайтуға арналған платформа болып қала береді деген ортақ пікірге келді.






