Жетісу өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында 12 сәуірде «QazTrade» АҚ өкілдері «QazIndustry» АҚ және «Kazakh Export» ЭСК» АҚ-мен бірлесіп өңірдің экспортқа бағдарланған компанияларымен кездесуге қатысты.
Кәсіпкерлерге шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді отандық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Өз кезегінде бизнес өкілдері экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыру барысында кездесетін ұсыныстар мен проблемалық мәселелерді айтты. QazTrade сарапшылары бизнесмендерге кеңес беріп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ, Жетісуға сапар барысында QazTrade қызметкерлері өңірдің шағын және орта бизнес өкілдерінің өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Кейбір компаниялар сыртқы экономикалық қызметті жүргізуге қызығушылық танытты.
Айта кетейік, өткен жылы Жетісу өңірінің 3 компаниясы Экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушылары болды, олар «Lkz ZHETYSU» ЖШС, «Pharmaland» ЖШС, «Жаркент Фрукт» ЖШС, 2 компания Alibaba электрондық сауда алаңында «TekTau» ЖШС және «Жаркент Фрукт» ЖШС «алтын» жеткізуші мәртебесіне ие болды. Тағы 6 экспорттаушы компания 120 млн теңгеден астам сомаға логистика және өз өнімдерін жылжыту шығындарының бір бөлігін өтей алды.