Сұраныс 30 есе жоғары: Қазақстан май-тоңмай саласын ауқымды жаңғыртуды бастады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Сұраныс 30 есе жоғары: Қазақстан май-тоңмай саласын ауқымды жаңғыртуды бастады

Астанада 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай өнімдері экспортының даму Жол картасы таныстырылды. Жаңа құжат саланың негізгі теңгерімсіздігін шешуге бағытталған. Қазақстандық май мен шротқа әлемдік сұраныс қазіргі өндіріс көлемінен 30 еседен астам жоғары, ал қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 35% ғана.

Әзірлеушілердің пікірінше, дәл осы алшақтық Қазақстан үшін мүмкіндіктер терезесін ашады. Жол картасында шикізат базасын ұлғайту, зауыттарды жаңғырту, логистиканы дамыту және фермерлерді қолдау шаралары қарастырылған. Негізгі мақсат – 2028 жылға қарай саланың экспортын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу және қосылған құны жоғары өнімнің үлесін арттыру.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Делегациясының ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Бауэр Қазақстанның жаһандық нарықта өз позициясын күшейтуге әлеуеті бар екенін атап өтті:

«Майлар нарығында жаһандық жүйелі өзгеріс жүріп жатыр. Еуропаға сапалы қайта өңделген өнімді тұрақты жеткізе алатын сенімді серіктестер қажет. Қазақстанның осы тізбекте өз орнын нығайтуға барлық мүмкіндігі бар. Жол картасы – шикізат экспортынан бәсекеге қабілетті қайта өңдеуге көшу. Біз бұл үдерісті қолдаймыз, себебі ол Қазақстан үшін де, еуропалық нарықтар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ол.

Бүгінде Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушылардың әлемдік ТОП-10 қатарына және күнбағыс шроты бойынша Еуропалық Одаққа жеткізуші ТОП-3 елдің қатарына кіреді. Өнімдер 20-дан астам елге жеткізіледі, ал перспективалы бағыттар қатарында Қытай, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері бар. Қайта өңдеуді дамыту жағдайында экспорттық әлеует 2 млрд доллардан да асуы мүмкін.

QazTrade бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров саланың жедел өсімге дайын екенін атап өтті:

«Қазақстандық майға деген сұраныс біздің қазіргі көлемімізден әлдеқайда жоғары. Соңғы он жылда май экспорты шамамен он есе өсті және әлеует әлі де толық іске асқан жоқ. Біздің міндет – кәсіпорындарға қайта өңдеуді ұлғайтуға, шикізат нарықтарында тиімді жұмыс істеуге және экспортқа белсенді шығуға көмектесу. Қуаттарды толық жүктеген жағдайда Қазақстан өсімдік майлары бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына ене алады», – деді ол.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов өсімнің кілті бүкіл өндірістік тізбекті синхрондауда екенін атап өтті:

«Бүгінде сұраныс өндіріс қарқынынан жылдам өсіп отыр. Нарықтар біздің өнімді күтуде, алайда зауыттар толық жүктелмеген. Саланың тұрақты дамуы үшін фермерлердің, тұқым өндірушілердің, қайта өңдеушілердің және логистиканың күшін біріктіру қажет. Жол картасы алғаш рет осындай жүйені қалыптастырып отыр. Тұрақты шикізатпен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымдық шектеулерді жойсақ, Қазақстан шикізатты емес, қосылған құны жоғары дайын өнімді сататын болады», – деді ол.

Жол картасы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, QazTrade, НАПМК және Халықаралық сауда орталығы тарапынан Еуропалық Одақтың қолдауымен әзірленді. Таныстырылым қорытындысы бойынша Жол картасының іске асырылуын үйлестіру және бақылау үшін мемлекеттік-жекеменшік платформа құру туралы шешім қабылданды.


Жалпы алғанда, құжат ұзақ мерзімді өсімнің негізін қалыптастырады. 2028 жылға қарай экспортты 1 млрд долларға жеткізу, зауыттардың жүктемесін арттыру, шикізат базасын нығайту және жеткізу географиясын кеңейту. Бұл сала үшін кезеңдік серпілістерден тұрақты өсуге және жаһандық нарықтарда бекінуге көшу мүмкіндігі.