Глобалды электронды сауда нарығы 6,3 трлн доллар деп бағаланып отыр
Бүгін, СЦК брифингінде «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхамед Алдажаров Қазақстандық компаниялардың халықаралық электронды сауда алаңдарында қатысуын кеңейту бойынша стратегиялық бастамаларды таныстырды.
Атап айтқанда, QazTrade отандық өндірушілерді JD.com, Alibaba.com, Europages, Noon және TikTok Shop сияқты платформаларда белсенді қатысуға ынталандыруды жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарға шығуға және экспорттық табысын арттыруға мүмкіндік береді.
«Өткен жылдың қараша айында Қытайдың халықаралық импорттық көрмесі аясында, Jiangsu Soho Holding Group Co., Ltd серіктестерімен бірге, біз Douyin (Қытайдағы TikTok баламасы) арқылы тікелей трансляция өткіздік және Қазақстанның ұлттық стриминг павильонын ресми түрде аштық. Эфир барысында Қытай мен басқа елдердің қолданушылары қазақстандық тауарлармен тікелей танысып, оларды бірден сатып ала алды. Нәтижесінде бір эфирде 450 мың юань сатылды. Бұл форматтың жоғары тиімділігін және біздің өнімдерге шетелде деген сұранысты растайды», — деді Алдажаров.
QazTrade мәліметтері бойынша, 2024 жылы онлайн сатып алушылар саны 2,71 млрд адамға жетіп, глобалды электронды сауда нарығының көлемі 6,3 трлн долларды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,76%-ға көп. Қазақстанда электронды сауданың бөлшек сауда құрылымындағы көлемі 3,2 трлн теңгені немесе жалпы тауар айналымының 14,5%-ын құрады.
Сонымен қатар, болжам бойынша 2029 жылға қарай әлемдегі онлайн сатып алушылар саны 3,6 млрд адамға жетеді, бұл кезде ену деңгейі 49,1%-ға жетіп, әр пайдаланушының орташа табысы 1 728 долларды құрайды. Нарықтың ең үлкен үлесін Қытай сақтайды деп болжануда, бұл бағытта күш-жігерді одан әрі арттырудың маңыздылығын көрсетеді.
Осылайша, электронды сауда Қазақстанның экспорттық саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді және QazTrade отандық компаниялардың халықаралық аренада ұстанымын нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.