Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияда экспорттық хабын іске қосады. Экспортты дамыту жөніндегі ұлттық институт QazTrade және малайзиялық Kaztera компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында Kaztera компаниясы АСЕАН елдері нарығында Made in Kazakhstan өнімдерін ілгерілету бойынша ресми оператор мәртебесіне ие болды. Бұл шешім Қазақстанға халқы 680 миллионнан асатын әлемдегі ең жылдам өсіп жатқан тұтынушылық өңірдің нарығына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Серіктестік Қазақстанның Малайзиядағы тұрақты экспорттық хабын құруды көздейді. Бұл жергілікті команда, операциялық инфрақұрылым және қазақстандық тауарлардың шоурумын ашуды қамтиды. Нәтижесінде қазақстандық өндірушілер Малайзия, Индонезия, Вьетнам, Тайланд, Филиппин, Сингапур және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінің нарықтарына шығудың жеңілдетілген және жылдам тетіктеріне қол жеткізеді. Келісім аясында оператор өңделген өнім экспортын дамыту, Made in Kazakhstan брендин ілгерілету, ірі бөлшек сауда желілерімен, маркетплейстермен және дистрибьюторлармен байланыс орнату, сондай-ақ бірлескен экспортқа бағытталған инвестицияларды тарту жұмыстарын жүзеге асырады.
Тараптар бірқатар практикалық құралдарды іске қосуды жоспарлап отыр: Малайзияда тұрақты шоурум ашу, өңірдің ритейл-желілеріне тікелей қол жеткізу, сауда процестерін цифрландыру, сондай-ақ сауда-экономикалық миссиялар мен бизнес-форумдарды ұйымдастыру. Бұл келіссөздерді жеделдетуге, қазақстандық өнімдердің танымалдығын арттыруға және дайын өнімдерді — азық-түлік пен тоқыма бұйымдарынан бастап химия және құрылыс материалдарына дейін — экспорттаудың тұрақты арнасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтті:
«Оңтүстік-Шығыс Азия — әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тұтынушылық нарықтардың бірі. Ресми операторды тағайындау және Малайзияда қазақстандық шоурумды іске қосу — эпизодтық жеткізілімдерден өңірде ұзақ мерзімді қатысуға көшуді білдіреді. Біз отандық компанияларға АСЕАН нарығына шығуға ғана емес, сонымен қатар сауда желілерінде бекінуге, экспортты арттыруға және еліміздің брендіне деген сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастырудамыз».
Малайзия АСЕАН нарықтарына қол жеткізудің негізгі қақпасы және Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала береді. 2025 жылғы қаңтар–қазан айларында екі елдің тауар айналымы $100 млн-нан асты, ал қазақстандық қайта өңделген өнім жеткізудің әлеуеті әлдеқайда жоғары деп бағаланады. Kaztera-ның ресми оператор болып тағайындалуы Қазақстанның экспорттық бағыттарды әртараптандыру және сыртқы сауда байланыстарының географиясын кеңейту жөніндегі мемлекеттік стратегиясына толық сәйкес келеді.





