100-ге жуық қазақстандық компания өз өнімдерін Франциядағы «Salon International de l’Agriculture» 60-шы Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесінде таныстырды. «Қазақстан» ұлттық павильоны ҚР Елшілігінің бастамасымен Парижде алғаш рет ашылды.
«QazTrade» АҚ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, USAID, «Атамекен» ҰКП қолдауымен отандық өндірушілер өз өнімдерін Еуропадағы АӨК ірі көрмесінде ұсынды. Атап айтқанда, француз қонақтары «LOTTE Rakhat» кондитерлік өнімдерінің, «Lepsi Organic Honey» және «Пасека» сауда маркалы балдың, «Run Organic Kazakhstan» және «Global Beverages» сусындары мен шырындарының сапасы және дәмін бағалады. Сондай-ақ, отандық «Каспий Бекіресі Лимитед», «KazIrAgro», «QazBioPharm» және басқа да кәсіпорындар өз тауарларын әкелді.
Іс-шара барысында Қазақстанның бизнес өкілдері әлеуетті серіктестерімен Францияға және ЕО нарығына экспорттау мүмкіндіктері мен механизмі талқылады.
SIA көрмесі 3 наурызға дейін жалғасады, оған 600 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.