Қазақстандық компаниялар Иранға $60 млн-ға өнім экспорттау туралы келісті - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстандық компаниялар Иранға $60 млн-ға өнім экспорттау туралы келісті

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына сапары аясында 2023 жылғы 24-26 сәуір аралығында Тегеранда сауда-экономикалық миссия өтуде. Іскерлік іс-шараны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырады.

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Иран-Қазақстан бірлескен сауда палатасының, Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының өкілдері және Иран тарапынан 150-ден астам контрәріптестер қатысты.

Қазақстанның ИИР-дегі Елшісі Асхат Оразбай атап өткендей, «бүгінде Қазақстанның Ирандағы үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтуде, бұл елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы өзара қызығушылықты айғақтайтын жақсы дәстүрге айналуда».

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың ақпараты бойынша, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $528 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға жоғары.

«Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін ұлғайту біздің үкіметтер алдында белгіленген міндеттердің бірі болып табылады. Биыл біздің елдеріміз өзара тауар айналымын айтарлықтай арттыра алатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Қайрат Төребаев.

 

 

Қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға азық-түлік, құрылыс, химия, металлургия, мұнай-химия сияқты салаларда тауарлардың 100-ден астам түрін қосымша жеткізуге дайын.

Ирандық компаниялар қазақстандық фосфор тыңайтқыштарын, ферроқорытпаларды, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндірушілеріне жоғары қызығушылық танытты. Қарым-қатынастарды бұдан әрі дамыту және ынтымақтастықты жолға қою жөнінде алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сауда миссиясына 20 қазақстандық тамақ, химия, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп және металлургия тауарларын өндірушілері қатысты.

Сауда миссиясының қорытындысы бойынша Иранға $60 млн астам сомаға қазақстандық тыңайтқыштарды, май өнімдерін, ІҚМ және ұсақ мал етін жеткізуге экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

Сауда-экономикалық миссиясына қатысушылардың пікірінше, ирандық және қазақстандық компаниялар кәсіпкерлерінің кездесуі өзара түсіністік пен әріптестіктің жоғары дәстүрлі деңгейін көрсетті.

 

Анықтама:

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $528 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға жоғары ($440,9 млн).

Қазақстандық экспорттың құрылымын негізінен бидай, арпа, күнбағыс майы, зығыр тұқымы, алюминий және қара металдар құрайды.

Иран тауарларының импорты да өсті. Қазақстан мұнай өнімдерін, жаңа піскен көкөністер мен жемістерді, құрылыс материалдарын импорттайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру