Қазақстан Жапонияға 3 000 тонна зығыр майын экспорттайды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Жапонияға 3 000 тонна зығыр майын экспорттайды

Келісім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары кезінде рәсімделді. Құжатқа қазақстандық «Династия Агро» мен жапондық Fairbay Inc. (Jateco Group) компаниясы қол қойды.

Бұл компаниялар төртінші жыл қатарынан ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Жапонияға бірнеше жүз тонна өнім жеткізілді. Жаңа келісім экспорт көлемін 3 000 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстандық зығыр майы Жапонияда жоғары сапасы мен табиғилығы үшін бағаланады. Біздің компания QazTrade-тің 2025 жылғы экспорттық акселерация бағдарламасына қатысуда. Мемлекеттік экспорттық институттардың қолдауы қазақстандық өнімнің жапон нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге көмектеседі деп сенеміз», – деді компания өкілі Дмитрий Ким.

«Династия Агро» – Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан, зығыр өсіру және өңдеуге маманданған шағын кәсіпорын. Компания өнімдерінің қатарында зығыр майы, жом (күнжара) және тұқым бар. Барлық өнім қатаң сапа бақылауынан өтеді, әрбір партия толық қадағаланады.

Қайта өңделген өнім экспортының кеңеюі Қазақстанның аграрлық экспортының әртараптандырылуына және жапон нарығының нишалық сегменттеріндегі ел позициясының нығаюына ықпал етеді. Мұны жалпы статистика да растайды. 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында қазақстандық агроөнім экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,9%-ға өсіп, 5,55 млрд АҚШ долларына жетті.

«Зығыр майы нарығында сұраныс тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл қосылған құнның терең тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік беретін санаулы дақылдардың бірі.

«Династия Агро» компаниясы 2025 жылғы экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушысы болды. Жоба аясында Жапониядан бөлек, өндіруші үшін жаңа стратегиялық бағыт – Қытай нарығы ашылуда. Компания командасы салалық оқытудан өтіп, таңдалған нишаны жан-жақты зерттеді және кезең-кезеңімен экспорттық жол картасын дайындады. Сонымен қатар, біз алғаш рет ҚХР Бас кеден басқармасы жүйесінде компанияны тіркеу бойынша нысаналы қолдау көрсеттік. Бағдарламаға қатысудың нәтижесінде биыл кәсіпорын ҚХР импорттаушылар тізіліміне сәтті енгізілді», – деп атап өтті QazTrade басқарушы директоры,  PhD Айнұр Әмірбекова.