Қазақстан Түрікменстанға 11 мың тонна шегендеу құбырын жеткізеді - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Түрікменстанға 11 мың тонна шегендеу құбырын жеткізеді

Қазақстандық KSP Steel компаниясы Түрікменстанның «Түрікменнебит» мемлекеттік концернімен 11 мың тонна жіксіз шегендеу құбырын жеткізу туралы келісімшарт жасасты. Құжатқа 22 қазанда Ашхабад қаласында өткен «Түрікменстанның мұнай-газ саласы – OGT 2026» халықаралық конференциясы аясында қол қойылды.

KSP Steel компаниясы атынан келісімшартқа коммерциялық директор Бауыржан Қожабеков қол қойды. Құбырлар компанияның Павлодар қаласындағы кәсіпорнында өндіріліп, Түрікменстанның мұнай-газ саласында пайдаланылатын болады.

Келісімшарт қосылған құны жоғары қазақстандық металлургия өнімдерін экспорттауды көздейді және отандық өндірушінің Орталық Азия нарықтарына өнім жеткізу географиясын кеңейтеді.

Келісімге 75-ке жуық елден 1 700-ден астам өкіл қатысқан халықаралық мұнай-газ форумы аясында қол қойылды. Конференция барысында Түрікменстанның мемлекеттік концерндері Қытай, Малайзия және Өзбекстан компанияларымен де келісімдер жасасты.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Түрікменстанның өзара сауда көлемі артып отырған кезеңде дамып келеді. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 361,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға өсті. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты 233,0 млн АҚШ долларына жетті.

11 мың тонна шегендеу құбырын жеткізу Қазақстанның Түрікменстанға өнеркәсіп өнімдерін экспорттау бағыттарының бірі болып, отандық металлургия кәсіпорнын қосымша тапсырыспен қамтамасыз етеді.