Қазақстан Сауд Арабиясында әлеуеті $50 млн болатын ғарыштық R&D-зертхананы іске қосты - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Сауд Арабиясында әлеуеті $50 млн болатын ғарыштық R&D-зертхананы іске қосты

Қазақстан Сауд Арабиясында әлеуеті $50 млн болатын ғарыштық R&D-зертхананы іске қосты

NSArt Gateway бағдарламасы аясында Эр-Рияд қаласында QazTrade (KazTrade) қолдауымен алғашқы қазақстандық ғарыштық R&D-зертхана ашылды. Жобаның бастамашылары — NSArt, Space Lab және Pnode компаниялары.

Зертханада спутниктік байланысқа қатысты жаңа технологиялар әзірленіп, сынақтан өткізілуде. Алдағы кезеңде бұл технологиялар навигацияда, өнеркәсіп саласында және «ақылды» жүйелерде қолданылатын болады.

NSArt компаниясының басшысы Нұрғожа Қалиасқаровтың айтуынша, 2026 жылы зертхананың негізгі бағыттары ретінде спутниктік IoVIT байланыс терминалдары, IoT-сенсорлар және телекоммуникациялық спутниктік шешімдер айқындалған. Алғашқы пилоттық жобаларды 2026 жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоба Парсы шығанағы елдеріндегі ең көне әрі ірі университеттердің бірі — King Saud University тарапынан қолдау тапты.

 

NSArt деректеріне сәйкес, пилоттық жобалар 2026 жылдың бірінші жартысында іске қосылып, коммерциялық жобаларға көшу және технологияларды ауқымдау сол жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Жобаны іске асырудан күтілетін экспорттық және инвестициялық әсер шамамен $50 млн көлемінде бағаланып отыр. Бұл көрсеткіш қазақстандық технологиялар негізінде жасалатын келісімшарттар мен инвестициялық серіктестерді тартуды қамтиды.

QazTrade және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің «Экспорттық акселерация» бағдарламасының үйлестірушісі Айнұр Әмірбекованың атап өтуінше, аталған жоба бір реттік бастама емес, қазақстандық жоғары технологиялық шешімдерді шетелдік нарықтарға жүйелі түрде ілгерілету жөніндегі кешенді жұмыстың маңызды элементі болып табылады. 2024 жылғы «Экспорттық акселерация» бағдарламасының түлегі Space Lab компаниясымен бірлескен ғарыштық зертхананың Эр-Риядта ашылуы қазақстандық компаниялар үшін Таяу Шығыстың SpaceTech экожүйесіне, инвестициялық серіктестерге және жаңа экспорттық келісімшарттарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Зертхананың ашылуы Қазақстанда 2026 жылдың Жасанды интеллект және жоғары технологиялық экспорт жылы болып жариялануымен тұспа-тұс келіп отыр, бұл елдің инновациялық экономиканы дамытудағы стратегиялық басымдығын айқындайды. Сонымен қатар Сауд Арабиясы Saudi Vision 2030 бағдарламасы аясында өңірлік Space Hub болуды мақсат етіп, ғарыштық технологиялар мен цифрлық инфрақұрылымды белсенді түрде дамытуда.