Қазақстан Қытайдың ең ірі e-commerce платформаларының бірі — JD.com-ға ресми түрде шықты, онда Қазақстанның Ұлттық павильоны іске қосылды. Жобаның бастамашысы — экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор QazTrade, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен.
Ұлттық павильон қазақстандық компанияларға өнімдерін біртұтас витринада ұсынуға, ел атынан ілгерілетуге, Қытай тарапымен келіссөздер жүргізуде көмек алуға, сондай-ақ сұранысқа қатысты аналитика мен Қытайдағы өкілдер тарапынан қолдау алуға мүмкіндік береді.
«JD.com-да дүкен ашу оңай шаруа емес. Көптеген кәсіпкерлер тырысып көрді, бірақ бюрократия, техникалық талаптар мен маркетингтің жоқтығына тап болды. Ұлттық павильон бұл мәселелерді шешеді, біз біртұтас күшпен кіріп отырмыз», — дейді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
JD.com — Қытайдағы екінші ең ірі маркетплейс, әрі тауар сапасына және сатушылар беделіне қатаң талап қоятын премиум сегмент. Платформа соңғы тұтынушыға (B2C) бағытталған және логистиканың қаталдығы, тауарларды тексеру мен жоғары имиджі арқасында сенімге ие. Қазақстандық компаниялар үшін бұл жай ғана сату мүмкіндігі емес, қытайлық тұтынушының сеніміне кіру мүмкіндігі.
Жобаға қатысу үшін қазақстандық компаниялар бірқатар міндетті талаптарды орындауы тиіс: ҚХР аумағында тіркелген сауда белгісінің болуы, Қытайдың Бас кеден басқармасының импорттаушылар тізіліміне ену, сауда белгісін тарату құқығы туралы хат, сондай-ақ қытай тілінде таңбаланған, платформаның стандарттарына сай келетін тартымды қаптама.
«Біз тек тауарларды шығарумен шектелмейміз — біз компаниялардың бәсекеге қабілетті болуына көмектесеміз. Қытай нарығы үлкен әрі күрделі, жүйелі қолдаусыз оған ену мүмкін емес. Қазақстандық компанияларды жобаға қатысуға өтінім беруге шақырамыз», — деп атап өтті QazTrade өкілдері.





