Трансшекаралық көміртек салығы (CBAM) күшіне енуіне 80 күннен аз уақыт қалды. Осыған орай Астанада Сауда және интеграция министрлігі, «QazTrade» және Еуропалық одақ ұйымдастырған кездесу өтті.
Іс-шара ЕО-ның «Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыруды қолдау» жобасы аясында өтті. Талқылауға мемлекеттік органдардың, бизнес пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қаржы министрлігі, сондай-ақ ERG, Qarmet және «Жасыл даму» АҚ компаниялары болды.

Кездесуге қатысушылар жаңа климаттық талаптар жағдайында қазақстандық компанияларды қалай қолдау керектігін және ұлттық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін қалай сақтау жолдарын талқылады. Ерекше назар CBAM талаптарымен ұлттық реттеуді үйлестіруге, шығарындыларды өлшеу, есеп беру және тексеру жүйелерін дамытуға, сондай-ақ экспорттаушылардың есеп беруін жеңілдететін цифрлық құралдарды құруға аударылды.
Еуропалық одақ Қазақстанның басты сауда серіктесі болып қала береді — елдің сыртқы саудасының шамамен 37%-ы ЕО үлесіне тиесілі.
QazTrade басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, CBAM енгізілуі әлемдік сауданың негізгі факторларының біріне айналып отыр және Қазақстаннан жүйелі бейімделуді талап етеді:
«Біздің міндет – кәсіпорындарға өтпелі кезеңде қолдау көрсету, тәуекелдерді барынша азайтуға және олардың еуропалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға көмектесу», – деді ол.

ERG Еуразиялық тобының Тұрақты даму орталығының жетекшісі Николай Посыпанко да сөз сөйледі. Ол компаниялардың еуропалық климаттық талаптарды ескере отырып, ұзақ мерзімді стратегияларды қалыптастырып жатқанын атап өтті:
«Трансшекаралық көміртек салығы – жаңа ұғым емес. Біз бірнеше жылдан бері еуропалық климаттық саясаттың қағидаттарымен жұмыс істеп келеміз. Қысқа мерзімді перспективада CBAM моделі ERG үшін айтарлықтай әсер етпейді, өйткені бізде ең үздік халықаралық тәжірибелерге сай тиімді металлургиялық өндіріс бар.
Алайда белгісіздік көп. Ең алдымен электр энергиясын тұтынудан шығатын шығарындылардың салық есебіне енгізілу қаупі бар. Сонымен қатар CBAM-ның басқа елдерге қаншалықты тез таралатынын түсіну маңызды. Мысалы, Қытайда осыған ұқсас талқылаулар жүріп жатыр. Бұл болашақта тек ERG ғана емес, жалпы қазақстандық өндірушілер экспортына да көміртек төлемі бойынша үлкен қауіп төндіруі мүмкін дегенді білдіреді.
ERG-де көміртек ізін азайту бойынша прагматикалық стратегия қабылданып, белсенді түрде жүзеге асырылуда. Халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін мемлекет, бизнес және барлық қатысушылардың үйлесімді өзара іс-қимылы қажет», – деді ол.
Еуропалық одақ өкілдері Қазақстанның климаттық құралдарды енгізудегі конструктивті тәсілін жоғары бағалап, оны өңір елдері үшін үлгі бола алады деп атап өтті.
«ЕО Қазақстанның күш-жігерін қолдайды және экспорттаушылардың жаңа климаттық стандарттарға сәтті бейімделуіне көмектесетін тетіктерді дамытуға жәрдемдесуге дайын», – деді ЕО делегациясының Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанды төмен көміртекті жеткізу тізбектеріне интеграциялау және өндірістің көміртек ізін азайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады. Ынтымақтастықтың негізі ашықтық, технологиялық даму және орнықты өсім қағидаттарына сүйенеді.



