2026 жылғы 21 сәуірде Астана қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және Моңғолия Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Экономика және даму министрі Жамьянгийн Энхбаярынның қатысуымен Қазақстан-Моңғолия бизнес-форумы өтті.
Іс-шара екі елдің кәсіпкерлері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталды.

Форум 2026 жылғы наурызда өткен Қазақстан бизнесінің Моңғолияға сауда-экономикалық миссиясының логикалық жалғасы болып, тараптардың әріптестікті тереңдетуге өзара мүдделілігін растады.
Форумның ресми бөлігі аясында екі ел өкілдерінің құттықтау сөздері айтылып, мемлекеттік органдар, даму институттары және бизнес өкілдерінің қатысуымен панельдік сессия ұйымдастырылды.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ іскерлік бағдарламаның тең ұйымдастырушысы ретінде қатысып, қазақстандық экспорттаушылар мен моңғолиялық серіктестер арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Speed Dating» форматындағы B2B кездесулерін өткізуді қамтамасыз етті.

B2B сессиялары барысында қатысушылар қазақстандық өнімдерді жеткізу перспективаларын, оның ішінде азық-түлік тауарларын, тоқыма өнімдерін, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнімдерін, сондай-ақ логистика мәселелері мен өзара сауданы кеңейту жолдарын талқылады.
Сонымен қатар форум аясында қазақстандық өнім үлгілері ұсынылған таныстырылым бұрышы ұйымдастырылып, отандық өндірушілер елдің экспорттық әлеуетін таныстырып, әлеуетті импорттаушылармен келіссөздер жүргізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша құжаттар алмасу рәсімі өткізіліп, оның аясында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 19 екіжақты меморандумға қол қойылды.
Форумды өткізу екіжақты өзара іс-қимылдың практикалық бағыттылығын растап, бірлескен жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырды.




