Қазақстан мен Ресей бизнесі өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуде: Омбыдағы QazTrade сауда-экономикалық миссиясына 400-ден астам компания қатысты - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан мен Ресей бизнесі өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуде: Омбыдағы QazTrade сауда-экономикалық миссиясына 400-ден астам компания қатысты

2026 жылғы 24–25 шілдеде Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қазақстандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясын ұйымдастырды.

Іс-шара екі ел компаниялары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға арналған практикалық алаңға айналды. Миссия жұмысына Қазақстан мен Ресейдің 400-ден астам компаниясы қатысты. Бизнес өкілдері B2B-келіссөздер өткізіп, өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды, сондай-ақ өзара жеткізілімдер, өндірістерді локализациялау және бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Қазақстандық бизнес-делегация құрамында 70-тен астам отандық өндіруші мен қызмет көрсетуші компания болды. Қатысушылар қатарында машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, тамақ және химия өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі, ақпараттық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және қызмет көрсету салаларының кәсіпорындары бар.

Іскерлік бағдарлама қорытындысы бойынша коммерциялық келісімшарттарды, келісімдер мен ынтымақтастық туралы меморандумдарды қоса алғанда, 18 құжатқа қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар өнеркәсіптік кооперацияны, машина жасауды, мұнай-газ және агроөнеркәсіптік секторларды, сондай-ақ азық-түлік және өнеркәсіптік өнімдерді, жабдықтарды, жиынтықтаушы бөлшектерді, қосалқы бөлшектер мен органикалық тыңайтқыштарды жеткізуді қамтиды.

«Қазақстандық бизнес үшін Ресей нарығы экспортты дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мұндай миссиялардың міндеті –  компанияларға келіссөздер жүргізуге арналған алаң ұсынумен ғана шектелмей, нақты уағдаластықтарға қол жеткізуге, өзара жеткізілімдерді жолға қоюға және бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ету. Омбыда қол қойылған құжаттар екі ел бизнесінің өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін көрсетеді», – деп атап өтті QazTrade бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

Өнеркәсіп және машина жасау салаларында тараптар ұзақ мерзімді өндірістік кооперацияны дамыту, жабдықтарды, жиынтықтаушы бөлшектер мен дайын өнімді өзара жеткізу жөніндегі ниеттерін бекітті. Жекелеген уағдаластықтар азық-түлік тауарларын, органикалық тыңайтқыштарды, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған өнімдер мен қызметтерді жеткізуді көздейді.

Агроөнеркәсіптік секторда қазақстандық өндірушілер мен ресейлік сауда-дистрибьюторлық компаниялар арасында құжаттарға қол қойылды. Олар өзара сауданы кеңейтуге, отандық өнімді Ресей нарығында ілгерілетуге және тұрақты жеткізу арналарын қалыптастыруға бағытталған.

Уағдаластықтардың елеулі бөлігі цифрландыру мен адами капиталды дамытуға қатысты. Тараптар жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық медицина, кадрлар даярлау және ғылыми-білім беру ынтымақтастығы бағыттарындағы өзара іс-қимылды бекітті.

Сонымен қатар туризм, су шаруашылығы және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау салаларында да құжаттарға қол қойылды.

Миссияның маңызды нәтижелерінің бірі QazTrade пен Омбы облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында жасалған меморандум болды. Құжат сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін ілгерілету және Қазақстан мен Омбы облысының кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнату бойынша бірлескен жұмысты көздейді.

Сауда-экономикалық миссияны өткізу екі ел компаниялары арасындағы іскерлік диалогты өзара жеткізілімдер, технологиялық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға айналдыруға мүмкіндік берді. Қол жеткізілген нәтижелер қазақстандық өнімнің Ресей нарығындағы қатысуын кеңейтуге және ұзақ мерзімді өндірістік кооперацияны дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Анықтама үшін: 2026 жылғы қаңтар–мамыр қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 10,9 млрд АҚШ долларын құрап, 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9,6%-ға өсті.