Экспорт — бір күннің ісі емес - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Экспорт — бір күннің ісі емес

Экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор «QazTrade» қазақстандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына жүйелі түрде көмек көрсетуді жалғастыруда.

QazTrade компаниясы бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова 24KZ телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында экспорттың – бір күнде шешілетін мәселе емес екенін, бұл кезең-кезеңімен жүретін және жүйелі дайындықты қажет ететін ұзақ мерзімді процесс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, компанияларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: біріншісі – экспорттық тәжірибесі барлар, екіншісі – өнім дайындағанымен, шетел нарығына шықпағандар. Соңғысы – экспорттық акселерация бағдарламасының негізгі нысанасы болып табылады.

«Көпшілігі оқудан кейін бірден келісімшарттар жасалады деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Шынайы экспорт дегеніміз – нарықты талдау, құжаттарды дайындау, логистика, келіссөздерге қатысу және өнімді басқа елдің талаптарына бейімдеу», – деді Айнұр Әмірбекова.

Сұхбат барысында ол соңғы сауда-экономикалық миссиялардың нәтижелерімен де бөлісті. Оның айтуынша, бағдарлама аясында қазірдің өзінде 350 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалған, ал 750 шетелдік байерден тұратын база – қазақстандық өнімдерді ілгерілету үшін маңызды құралға айналмақ.

«Біз дайындықтың бірнеше кезеңін – оқыту, маркетинг, стратегияны – аяқтадық. Келесі қадам – нақты серіктестер тауып, компанияларды шетелдік нарыққа шығару. Біздің мақсат – тек оқыту емес, экспорт көлемін нақты арттыру», – деп атап өтті QazTrade өкілі.

QazTrade шетелдегі жұмыс аясын кеңейтуде. Бүгінде Өзбекстан, БАӘ, Венгрия, Иран, Қытай, Тәжікстанда өкілдіктер ашылды. Жақында Қытай, Түрікменстан, Ауғанстан және Иранда бес сауда үйі іске қосылады. Сонымен қатар, Пәкістандағы Бендер-Аббас портында терминал ашылады. Бұл қазақстандық тауарларды шетелге жылдам әрі тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.