Қазақстанда 2022-2023 маркетингтік жылы бидайдың едәуір қоры қалыптасты, бұған дәнді дақылдардың бұрын-соңды болмаған өнімі ықпал етті. Сонымен қатар, алдағы жылдары бидай егісі алқаптарын қысқарту қаупі бар. Мұндай деректерді Алматыда өткен «Asia Grain Conference» конференциясында «QazTrade» АҚ-ның Халықаралық нарықтарды талдау департаментінің бас сарапшысы Айбар Тайшиков айтты.
Қазақстан үшін 2022-2023 маркетингтік жыл бидай өндірісі бойынша соңғы 5 жылдағы рекордтық жыл болды. Жалпы алым 16,4 млн тоннаны құрады, ал бидай экспорты өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,4 млн тоннаға дейін ұлғайды.
«Ағымдағы 2022-2023 маркетингтік жылы бидайдың жеткілікті жоғары қоры қалыптасты, алдағы жылы теңгерімсіздік болады деп күтілмейді. Бұл ретте өндірушілер пайдасының тапшылығын, рекордтық егінді және төмен бағаны ескеретін болсақ, келесі маркетингтік жылы бидай алқаптарын қысқарту қаупі бар», – деді Айбар Тайшиков.
Сондай-ақ, ол шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары туралы айтты: Экспорттық акселерация бағдарламасы, электрондық сауда алаңдарына шығару, өнімді тасымалдау және жылжыту шығындарын өтеу.
Әлемнің 21 елінен келген конференцияға қатысушылар халықаралық бидай нарығындағы ахуалды талқылады, қазақстандық астық нарығының үрдістері мен логистикалық қиындықтарын қозғады, дәнді дақылдарды өңдеу саласындағы қазіргі сын-қатерлер жағдайында қалай жұмыс істеу керектігі туралы өз көзқарастарымен бөлісті.