QazTrade Қазақстанның өңірлерінен өңделген өнім экспортын қолдау бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Атырау облысының әкімі Нанкин қаласындағы QazTrade өкілдігіне барды. Кездесу барысында тараптар өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту, Атырау өнімдерін Қытай нарығына ілгерілету және экспорттаушыларды сүйемелдеу мәселелерін талқылады.
Ерекше назар «Экспорттық акселерация 2025» ұлттық бағдарламасына қатысушы «Карат» ЖШС-не аударылды. Компания ҚХР Мемлекеттік сауда басқармасының тізіліміне енгізілген және қытайлық серіктестермен экспорттық келісімшарт дайындап жатыр. Бағдарламаға қатысу және QazTrade сарапшыларының қолдауы арқасында кәсіпорын жаңа сыртқы нарықтарға шығып, өткізу арналарын кеңейтіп жатыр.
«Қытай нарығына шығу – біздің компания үшін жаңа мүмкіндік. Мұнда тұрақты сұраныс, сапаға жоғары талаптар және әділ бәсекелестік бар. Қазіргі таңда зауытымыз толық қуатында жұмыс істемей тұр, экспорт бізге өндірісті 100% іске қосуға мүмкіндік береді. Біз ұн мен макарон өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырмыз және Қытай серіктестерімен ұзақ мерзімді келісімге үміттенеміз. Қазіргі уақытта қиындықтар туындаған жоқ, бұл ең алдымен, бізді әр кезеңде қолдап жүрген QazTrade мамандарының арқасы», – деді «Карат» ЖШС негізін қалаушы Амина Абдрашева.
QazTrade мәліметінше, акселерация бағдарламасы компанияны маркетингтік талдаудан бастап, өнімді бейімдеу, логистика және келіссөздерге дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейді.
QazTrade өкілдерінің айтуынша, Қытайлық серіктестер жеке кездесулерді жоғары бағалайды және мұндай іс-шаралар шешуші рөл атқарады. «Карат» мысалында біз қытайлық бизнестің қазақстандық өнімге шынайы қызығушылығын көріп отырмыз».
QazTrade экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператордың басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова:
«Нанкин қаласындағы тұрақты жұмыс істейтін павильон — бұл жай ғана көрме емес, ол қазақстандық экспорт үшін нақты өсу нүктесі. Мұнда ұн мен макароннан бастап күнбағыс майына дейінгі 44 акселерация қатысушысының өнімдері ұсынылған. Біз JD.com, Pinduoduo, Alibaba сияқты Қытайдың e-commerce платформаларына шығу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, сондай-ақ B2B кездесулер мен инвестициялық байланыстар үшін жағдай жасаудамыз. Мұның бәрі — Қазақстанның өңделген өнім экспортын Қытайға қолдау мақсатында».





