Астанада Дубай тәжірибесі негізінде жаңа үлгідегі еркін сауда аймақтарын құру мәселесі талқыланды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Астанада Дубай тәжірибесі негізінде жаңа үлгідегі еркін сауда аймақтарын құру мәселесі талқыланды

2026 жылдың 19 қазанында «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Еркін сауда аймақтары: халықаралық тәжірибе және Қазақстанда құру шарттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Дубай еркін аймақтары кеңесінің бас хатшысы әрі Dubai Integrated Economic Zones Authority (DIEZ) ұйымының атқарушы төрағасы, доктор Мұхаммед Ахмед Әл Заруни бастаған делегацияның Астанаға сапары аясында ұйымдастырылды.

Кездесу Қазақстанның сауда-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларымен тұспа-тұс келді. Қазіргі уақытта еліміздегі негізгі сауда қақпалары саналатын Қорғас пен Ақтауды жаңа үлгідегі еркін сауда аймақтарына айналдыру мәселесі пысықталуда. Басты мақсат – жеңілдіктерге негізделген дәстүрлі модельден инвесторлар мен бизнеске кешенді қызмет көрсету моделіне көшу. Ол үшін әр аймақта бірыңғай оператордың болуы, құқықтық және кедендік рәсімдердің түсінікті әрі ашық болуы, резиденттерге цифрлық қызметтердің қолжетімділігі маңызды. Сонымен қатар бұл аймақтар транзиттік және логистикалық ағындармен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Дубайдың тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше қызығушылық тудырады. DIEZ үш экономикалық аймақты басқарады: Dubai Airport Freezone, Dubai Silicon Oasis және Dubai CommerCity. Бұл аймақтар сауда, әуе логистикасы, электрондық коммерция және технологиялар бағыттары бойынша маманданған.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова мен доктор Мұхаммед Ахмед Әл Заруни ашты. Алдымен қатысушылар еркін сауда аймақтарын құру мен басқарудың халықаралық тәжірибесін талқылады. DIEZ және World Free Zones Organization ұйымдарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, таныстырылымдар жасады. Одан кейін талқылау Қазақстандағы қолданыстағы тәжірибеге және елімізде жаңа үлгідегі еркін сауда аймақтарын құру үшін қажетті жағдайларға арналды.