Ашхабадта Қазақстанның сауда сөресі ашылды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Ашхабадта Қазақстанның сауда сөресі ашылды

8 қазанда Ашхабад қаласында Қазақстанның сауда сөресі ашылды. Жоба Қазақстан мен Түрікменстан Премьер-Министрлерінің орынбасарлары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жүзеге асырылды.

Енді қазақстандық өнімдер Ашхабадтағы ең ірі супермаркеттердің бірі – «HALK MARKET» сауда желісінде тұрақты түрде ұсынылады. Жобаның Түрікменстан тарапынан жергілікті іскерлік серіктесі аталған желінің негізін қалаушы Хансахат Бегджанов болды.

Сауда сөресінде Қазақстанда өндірілген 20-дан астам тауар түрі ұсынылған. Олардың қатарында ұн, макарон өнімдері, жармалар, кондитерлік өнімдер, өсімдік майлары, сусындар, шай, бал, сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын жекелеген тауарлар бар.

Қазақстандық өндірушілермен және түрікменстандық серіктестермен бірлесіп, өнімдерді сауда сөрелеріне орналастыру шарттары келісілді, бастапқы тауар ассортименті жасақталып, жеткізілімдер ұйымдастырылды. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің қолдауымен және Түрікменстандағы сауда өкілінің жәрдемдесуімен QazTrade экспорттық акселерация бағдарламасы аясында жүргізілді.

«Ашхабадта Қазақстанның сауда сөресінің ашылуы – отандық өнімдердің Түрікменстан нарығында тұрақты ұсынылуын қамтамасыз ету жолындағы нақты қадам. Пилоттық жоба түрікменстандық тұтынушылардың сұранысын зерделеуге және қай тауарлардың бәсекеге қабілетті екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі кезеңде жобаны сынақтан өткізіп, нәтижелерін талдап жатырмыз. Сатылым көлемі артқан сайын тауар ассортиментін кеңейтіп, жаңа қазақстандық өндірушілерді тартамыз және басқа сауда желілерінде де отандық өнімдерді кезең-кезеңімен орналастырамыз», – деді «QazTrade» АҚ бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

Осылайша, қол жеткізілген уағдаластықтардың алғашқы практикалық кезеңі іске асырылды. Түрікменстан нарығында қазақстандық өнімдердің ұсынылу аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатын тұрақты сауда алаңы құрылды.