«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ талдауына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсті. Экспорттың өсу қарқыны импорттың өсімінен төрт есе жоғары. Соның нәтижесінде елдің сыртқы саудадағы оң сальдосы айтарлықтай ұлғайды.

Сегіз айда Қазақстан 60,4 млрд доллардың тауарын экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға артық. Ал импорт 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларды құрады. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 17,8 млрд долларға жетті. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 9,8 млрд доллар болған. Осылайша, экспорт пен импорт арасындағы оң айырма шамамен 8 млрд долларға ұлғайды.
Сыртқы сауда көлемінің жалпы өсімі аясында агроөнеркәсіп кешенінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатымен қатар, одан өндірілген дайын өнімдердің де экспортын ұлғайтып келеді. Әсіресе бірқатар тауар түрлері бойынша өсім қарқыны экспорттың жалпы өсімінен едәуір жоғары.
Қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі – күнбағыс майының экспорты. Қаңтар–тамыз айларында оның экспорттық құны 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн долларға жетті. Ал шетелге жеткізілген өнім көлемі 35,9%-ға ұлғайып, 611,4 мың тоннаны құрады. Яғни экспорттан түскен табыстың артуы нақты жеткізілім көлемінің өсуімен қатар жүріп отыр.
Астық саласында да оң үрдіс сақталуда. Бидай экспортының құны 26,5%-ға өсіп, 1,25 млрд долларға жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам бидай жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға көп.
Астықты өңдеу өнімдерінің экспорты да артып келеді. Бидай және бидай-қара бидай ұнының экспорттық құны 36%-ға өсіп, 400 млн долларға жетті. Ал жеткізілім көлемі 22,8%-ға ұлғайып, 1,38 млн тоннаны құрады.
Зығыр тұқымының экспортында да айтарлықтай өсім тіркелді. Сегіз айда оның экспорттық құны 2,3 есеге артып, 387,8 млн долларға жетті. Ал шетелге жеткізілген өнім көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 780,8 мың тоннаны құрады.
Жануарларға арналған дайын жемшөп экспорты да едәуір өсті. Оның экспорттық құны 60,8%-ға артып, 577,6 млн долларға жетсе, жеткізілім көлемі 44,2%-ға ұлғайды. Бұл көрсеткіштер экспорт өсімінің дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектелмей, өңдеу өнеркәсібінің жекелеген бағыттарын да қамтып отырғанын көрсетеді.
Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын жемшөп экспортының жиынтық құны 1,65 млрд долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аталған үш тауар тобының экспорты ақшалай мәнде шамамен 48%-ға өсті. Бұл қосылған құны жоғары өнімдер экспортының кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.
Агроөнеркәсіп кешенімен қатар, металлургия және тау-кен өнеркәсібінде де экспорттық түсім артты. Мыс пен мыс катодтарының экспорты 55,7%-ға өсіп, 3,9 млрд долларға, ал уран экспорты 26,9%-ға ұлғайып, 3,1 млрд долларға жетті.
Елдің импорт құрылымында да өзгерістер байқалады. Қазақстан өнеркәсіптік және энергетикалық жабдықтарды шетелден сатып алу көлемін арттырып келеді. Атап айтқанда, электр генераторлық қондырғылар импорты 86,5%-ға өсіп, 916,5 млн долларға жетті. Ал турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштардың, сондай-ақ газ турбиналарының импорты 3,3 есеге ұлғайып, 611 млн долларды құрады.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Сегіз айда екі ел арасындағы тауар айналымы 23,3 млрд долларға жетіп, еліміздің жалпы сыртқы саудасының 22,7%-ын құрады. Екінші орында 18,3 млрд доллар көрсеткішпен Ресей, үшінші орында 11,8 млрд доллармен Италия тұр. Осы үш елдің үлесіне Қазақстанның сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы тиесілі.
Сонымен қатар экспорт пен импорт бағыттары бойынша елдердің үлесі әртүрлі. Италия қазақстандық тауарларды ең көп сатып алатын елге айналды. Бұл елге 10,9 млрд доллардың өнімі экспортталды. Осылайша, Италия 10,7 млрд долларлық көрсеткішпен екінші орында тұрған Қытайдан сәл алға шықты. Ал Қазақстанға тауар жеткізуші елдер арасында Ресей көш бастап тұр. Бұл елден әкелінген тауарлардың жалпы құны 13,2 млрд долларды құрады.

Сегіз айдың қорытындысы Қазақстанның сыртқы саудасында оң үрдістің сақталғанын көрсетеді. Экспорттық түсім импорт шығындарына қарағанда әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп келеді. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің, әсіресе өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.
Күнбағыс майы, ұн және дайын жемшөп экспортының өсуі елімізде қосылған құны жоғары өнім өндірісін одан әрі дамытуға және қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.




