Ислам ынтымақтастығы ұйымы — Қазақстанның агроэкспорты үшін жаңа нарықтар - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Ислам ынтымақтастығы ұйымы — Қазақстанның агроэкспорты үшін жаңа нарықтар

Казахстан ислам елдерінің нарықтарына шығу және экспортты әртараптандыру бағытындағы жұмысын күшейтуде. QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ислам ұйымы (IOFS) ұйымдастырған, ИЫҰ–2025 Азық-түлік қауіпсіздігі күніне орай өткен жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.

Іс-шара 2025 жылғы қыркүйекте қол қойылған QazTrade пен IOFS арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды практикалық іске асырудың бір бөлігі болды. Құжат Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 елдің нарығына қазақстандық өнімді ілгерілетуге бағытталған. Бұл елдер 1,9 млрд-тан астам тұтынушыны қамтиды. Сонымен қатар, меморандум сауда, өңдеу және логистика салаларындағы жобаларды дамытуға бағытталған.

«IOFS-пен әріптестік қазақстандық агроөнімдерді Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің нарықтарына жүйелі түрде ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бұл тек экспорт географиясын кеңейту ғана емес, сонымен қатар тұрақты сауда тізбектерін, өңдеу мен логистиканы дамыту. Мұның барлығы азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық өсімге тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Айтмұхаммед Алдажаров.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары — астық, ет-сүт, май-тоңмай және өңделген өнімдерді жеткізу. QazTrade мәліметінше, ИЫҰ елдері Қазақстан экспортының әртараптандырылуы және Таяу Шығыс, Азия мен Африка нарықтарындағы позицияларын нығайту үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

2025 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында қазақстандық агроөнім экспорты 37,9%-ға өсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда $5,55 млрд-қа жетті.