Қазақстан Әзербайжанмен экспорттық қоржынды кеңейтуді ұсынды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Әзербайжанмен экспорттық қоржынды кеңейтуді ұсынды

Бәсекелестіктің орнына – кооперация. Қазақстан мен Әзербайжан серіктестіктің жаңа деңгейіне шықты. Екі елдің ынтымақтастығы сауда, өнеркәсіп, логистика және цифрландыру салаларында дамып келеді.

Астанада өткен Қазақстан–Әзербайжан бизнес-форумында сөйлеген ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты нығайып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өзара тауар айналымы $343,3 млн-ға жетті, оның ішінде Қазақстан экспорты $290,8 млн құраса, Әзербайжаннан импорт 58%-дан астам өсті.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Әзербайжанмен экспорттық қоржынды кеңейтіп, жалпы көлемі шамамен 14,5 млн тонна болатын агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуді ұсынды. Оның құрамына дәнді және майлы дақылдар, ұн, май және картоп кіреді.

«Бүгін біз үшін қосымша құн жасайтын тұрақты өндірістік тізбектер мен бірлескен жобаларды дамыту маңызды. Кооперацияның мәні осында. Біз бөлек емес, бірге дамимыз», – деді ол.

Форум аясында Қазақстан мен Әзербайжан өкілдері арасында 16 келісім мен меморандумға қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, туризм, білім, цифрлық технология және логистика салаларын қамтиды.

Ынтымақтастықты «Қазпошта» мен Zira Port, «Атамекен» ҰКП мен KOBIA агенттігі және екі елдің бірнеше жеке компаниялары арасындағы меморандумдар бекітті. Серіктестіктің маңызды бағытының бірі экспортты қолдау жөніндегі ұлттық институттар — QazTrade пен AZPROMO арасындағы өзара іс-қимыл болды.

«Біз агроөнеркәсіп пен өндірістік кооперацияда үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Қазақстан әзербайжандық серіктестерімен бірге жаңа өндірістер ашуға, қайта өңдеу мен қаптама саласын дамытуға және үшінші елдердің нарығына шығуға дайын. Кооперация біз үшін жай ғана идея емес, компанияларға нақты келісімшарттарға көшуге көмектесетін нақты құрал», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.