Қазақстан агросекторға венгриялық инвестицияларды тартады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан агросекторға венгриялық инвестицияларды тартады

Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегация Дебрецен қаласында венгриялық инвесторлармен бірқатар келіссөздер өткізді. Ресми сапар барысында іскерлік және муниципалдық қауымдастық өкілдерімен, соның ішінде ынтымақтастықты дамытуға мүдделі жетекші венгр кәсіпкерлерімен кездесулер өтті.

Барлық кездесулердің ұйымдастырылуы мен үйлестіруін Венгриядағы QazTrade өкілдігі қамтамасыз етті.
«2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы 133,4 миллион долларды құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,5%-ға көп. Біздің экспорт 2,7 есе өсіп, 6,9 миллион долларға жетті. Негізінен минералды тыңайтқыштар, құс шаруашылығы өнімдері, техникалық майлар және балық филесі есебінен. Венгриядан импорт та өсті — 30,8%-ға, 126,5 миллион долларға дейін. Негізінен ауыл шаруашылығы техникасын, дәрі-дәрмектерді, тірі малды, құсты, электр жабдықтарын және консервілерді әкелеміз. Сауда балансы әдеттегідей теріс — минус 119,6 миллион, себебі импорт экспорттан көп», — деді «QazTrade» бас директорының орынбасары Айнұр Амирбекова.

«Мұндай сапарлар қазақстандық бизнес пен Венгриядағы әлеуетті серіктестер арасында тікелей экспорттық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Біз аграрлық секторға, қайта өңдеуге және бірлескен жобаларға деген нақты қызығушылықты байқап отырмыз. QazTrade-тің міндеті – осы бастамаларды нақты келісімдер мен шынайы экспорттық жеткізілімдер деңгейіне жеткізуге көмектесу», – деді Венгриядағы QazTrade сауда өкілі және QazTrade серіктестік офисінің жетекшісі Алишер Папп өз көмекшілерімен бірге.

Бағдарлама Фельдеш елді мекеніне сапардан басталды, онда делегация Özse Group басшылығымен келіссөздер жүргізді. Қазақстандағы инвестициялық жоспарлар, оның ішінде құс фабрикасын, ірі қара мал өсіру фермасын салу және ауыл шаруашылығы жерлерін игеру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Agropoint Kft. өкілдерімен кездесу өтті, олар мал шаруашылығы жобасын іске асыруға қызығушылық білдірді. Болашақта осы алаң базасында елдің аграрлық институттарымен ынтымақтастық орнату, студенттерді тәжірибеден өткізу, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және ауыл шаруашылығының басқа да бағыттары бойынша заманауи әдістерді оқыту ұсынылды.

Жаңа жоба алдыңғы қатарлы тәжірибені, инновациялық технологияларды және білім беру бағдарламаларын біріктіріп, Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуға және екі ел арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған.

Бұдан бөлек, сапар барысында мұнай-химия және фармацевтика салаларына арналған инженерлік шешімдерді ұсынатын Zolend компаниясы және өндірісті жергілікті деңгейде іске қосу перспективасымен Қазақстан мен Ресейге экспорттауға мүдделі халықаралық пицца өндірушісі Pizza D’oro таныстырылды.

QazTrade Дебрецен қаласы мэриясында қала әкімінің орынбасары Лайош Барчпен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде Қазақстан мен Хайду-Бихар өңірі арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері басты назарда болды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар тікелей инвестициялық байланыстарды дамытуға және аграрлық, қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.