Қазақстандық компаниялар қытайлық серіктестермен 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға инвестициялық келісімдерге қол қойды.
Қол қою рәсімі Қытайдың Нанкин қаласында өткен QazTrade экспорттық-инвестициялық алаңында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен өтті.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытай компанияларының қатысуымен үш келісімшарт жасалды.
QazTrade-тың «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасына қатысушы «Интаго Қазақстан» ЖШС Jiangsu Yingyang Nonwoven Machinery Co., LTD компаниясымен тоқыма емес геотекстиль өндіруге арналған екінші өндірістік желіні жеткізу бойынша меморандумға қол қойды. Геотекстиль жол құрылысы, дренаждық жүйелер мен іргетастарда қолданылады. Келісім сомасы — 715 млн теңге. Жоба Атырау облысында іске асырылуда. Жалпы инвестиция көлемі — 2 млрд теңге, өндірістік қуаты — жылына 5 300 тонна.
«Фибратекс» компаниясы екі келісімшартқа қол қойды:
• ZHANGJIAGANG GANGYING INDUSTRY Co., LTD компаниясымен — штапельді талшық өндіру желісі (700 млн теңге);
• Jiangsu Beier Machinery Co., LTD компаниясымен — ПЭТ-флекстер өндіру желісі (450 млн теңге).
Екі жоба да Атырау облысында жүзеге асырылады. Олардың бірі жылына 7 000 тонна геосинтетикалық штапельді талшық шығаруды көздейді, жобаның жалпы құны — 2,1 млрд теңге. Штапельді талшық геотекстиль, оқшаулағыш материалдар мен жұмсақ жиһаз толтырғыштарын өндіруде қолданылады. ПЭТ-флекстер — қаптама, пленка, таспа және басқа да пластик бұйымдарды өндіруге арналған.
Сонымен қатар, QazTrade қолдауымен ірі экспорттық жеткізілім ұйымдастырылды: Павлодардан Қытайдың Цзянсу провинциясына 40 мың тонна алюминий құймалары жөнелтіледі.
«Қытайда қазақстандық өнімдерге деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің компаниялар жеткізіліммен шектелмей, өндірістік ынтымақтастыққа көшіп жатыр. Нанкиндегі павильон, маркетплейстерге шығу, бондтық аймақтар арқылы логистика — мұның бәрі экспорттаушыларға Қытай нарығында сенімді бастауға мүмкіндік береді», — деді QazTrade компаниясы бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.




