Старт үшін 20 тонна – қазақстандық бал Еуропаға шығуда - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Старт үшін 20 тонна – қазақстандық бал Еуропаға шығуда

Қазақстандық бал еуропалық нарыққа шығуда.
Венгрияның бірден екі ірі компаниясы қазақстандық бал өндірушілерімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

QazTrade кеңсесінде экспортты ілгерілету жөніндегі ұлттық оператордың бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров аталған компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізді. 2001 жылдан бері жұмыс істейтін венгрлік Aranynektár Kft жыл сайын 4 000 тоннаға дейін балды өңдеп, ЕО-ға, Таяу Шығыс пен Азия елдеріне экспорттайды. Олар қазақстандық өнімнің жоғары сапасын және табиғилығын атап өтіп, сатып алуды қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

Жеке кездесу Fulmer Hungarian Honey Ltd компаниясымен өтті. Бұл – ара шаруашылығында жүз жылдық тарихы бар отбасылық кәсіп. Бүгінде Fulmer Еуропадағы ең ірі органикалық омартаны басқарып, өнімін 40-қа жуық елге экспорттайды. Компанияның бас директоры Ференц Фулмер Қазақстан балдарының сирек түрлеріне, қанық хош иісіне және экологиялық тазалығына қызығушылық танытқанын атап өтті.

«Біз Қазақстан балын Еуропада лайықты орын ала алатын экологиялық таза, нишалық өнім ретінде үлкен әлеуетке ие деп санаймыз. Мұның бәрі QazTrade-тің Венгриямен ынтымақтастықтағы жүйелі жұмысы мен жаңа тәсілінің нәтижесі. Елде Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен сауда-экономикалық миссия өтті, ал бүгінде ұлттық оператордың серіктестік кеңсесі жұмыс істеп, жергілікті компаниялармен тікелей байланыс пен қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсетуде», – деді Айтмұхаммед Алдажаров.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар алғашқы шамамен 20 тонна ерекше бал түрлерін жеткізу мәселесін талқылады. Қазіргі уақытта Венгрияда 80-нен астам үлгіге зертханалық талдау жүргізілуде, нәтижелері екі апта ішінде шығады деп күтілуде.

Келіссөздерге қазақстандық бал өндірушілер – «Мади» ШҚ және «Буньковтардың омартасы» да қатысты. Олар – мемлекеттік «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасының қатысушылары.

QazTrade атап өткендей, бұл Венгрия өңдеушілерімен алғашқы тікелей байланыс болып табылады және қазақстандық балды ЕО нарығына ілгерілетудің маңызды қадамы саналады. 2024 жылы Қазақстан балымен сауда айналымы 1,58 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 57,2%-ға өсті. Бүгінде қазақстандық бал Өзбекстанға, Қытайға, Канадаға, АҚШ-қа, Сауд Арабиясына, БАӘ-ге және басқа да нарықтарға жеткізілуде.