Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері экспортты мемлекеттік қолдау құралдарымен танысты
Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне ағымдағы жылдың 21 мамырында QazTrade сарапшылары KazakhExport, QazIndustry және Qazpatent-пен бірлесіп өткізген онлайн-семинарда шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.
Семинарды «QazTrade» АҚ Электрондық коммерция департаментінің сарапшысы Нұрсұлтан Әбдірахманов ашып, бизнес өкілдеріне шетелдік нарықтарға және электрондық сауда алаңдарына шығару жөніндегі бағдарламаларға қатысуды ұсынды. Бұл экспорттық акселерация, сауда-экономикалық миссияларға және халықаралық көрмелерге қатысу.
«QazTrade» АҚ-ның презентациясын Экспорттаушыларға өтемақы беру департаментінің директорының орынбасары Антон Крамаренко (өнімді тасымалдау және ілгерілету шығындарының бір бөлігін өтеу) жалғастырды.
Мысалы, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы қазақстандық шикізаттық емес компанияларға шетелдік нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. 2023 жылы 111 тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторлары осы бағдарламаға қатыса алды. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 наурызынан сәуір айының соңына дейін экспорттық акселерация бағдарламасына өтінімдерді қабылдау және Alibaba электрондық сауда алаңына шығару жүзеге асырылды.
Өз кезегінде, «QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің бас сарапшысы Саят Әшімов семинарға қатысушыларды қолданыстағы QazTradeAcademy экспорттаушыларды оқыту жөніндегі білім беру орталығы туралы хабардар етті. QazTradeAcademy экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлер арасында, қолөнершілерден бастап ірі бизнес иелеріне дейін, теориялық мамандардан бастап кедендік брокерлерге дейін өте танымал.
QazTradeAcademy білім беру порталы ыңғайлы онлайн-форматта өзекті білім алуға мүмкіндік бере отырып, халықаралық сауда мен экспорттың барлық бағыттарын қамтиды.
Білім беру орталығының жұмыс істегеннен бергі уақытында барлығы 3004 қазақстандық ШОБ өкілдері мен сыртқы сауда саласындағы мамандар сертификатталды, олардың 1692-сі әйелдер (56%). Бұл ретте Қазақстанның 17 қаласында 29 офлайн-семинар өткізілді. qaztradeacademy.kz онлайн-платформасына «Ақылды Экспорт» бизнес-практикумы аясында 49 вебинар, сондай-ақ 13 мамандандырылған модульдік курс жүктелді.
Презентация соңында Саят Әшімов семинарға қатысушыларды QazTradeAcademy платформасы шеңберінде ұйымдастырылған 21-24 мамыр аралығында өтетін 4 күндік онлайн-марафонға қатысуға шақырды, оның нәтижелері бойынша экспорттаушылар халықаралық сауда және экспорт бойынша курстардан сәтті өткені туралы халықаралық үлгідегі сертификаттар алады. Жалпы, осындай білім марафондары әр апта сайын ел өңірлерінің кәсіпкерлері үшін өткізіледі.
Сонымен қатар, семинар барысында Qazpatent өкілі тауар таңбаларын тіркеу ерекшеліктері туралы айтып берді, ал QazIndustry өкілі өнеркәсіптік кәсіпорындарды ынталандырудың қолданыстағы шараларын атап өтті.
2024 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде облыс орталықтарында экспорттаушыларды оқыту бойынша тағы 10 семинар мен онлайн-марафон өткізіледі.