«QazTrade» АҚ-ның Бас директоры Рустам Асулбек Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны реттеу мәселелері жөніндегі апта сайынғы жедел кеңесте Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамыту туралы айтты.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының өңделген өнімінің тауар айналымы $323 млн жетті, оның ішінде $143 млн экспортты құрады.
Рустам Асулбек атап өткендей, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруда шағын және орта кәсіпорындар маңызды рөл атқара алады. Негізгі экспорттық тауар – Қызылорда күрішін өндірумен негізінен шағын фермерлік шаруашылықтар айналысады. Бірақ ресурстарға қол жетімділіктің шектеулі болуына байланысты оларға сыртқы нарықтарға шығу қиынырақ.
«Шағын және орта кәсіпорындардың, әдетте, ірі компаниялармен салыстырғанда халықаралық нарықтарға, қаржыға, технологияларға, басқару дағдыларына қол жетімділігі шектеулі, Білімнің жетіспеушілігіне байланысты әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізу қиынырақ. Сондықтан QazTrade экспортын қолдау бағдарламалары аясында негізгі басымдықты ШОБ береді», – деді «QazTrade» АҚ-ның Бас директоры.
Қызылорда облысында 67 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорын бар. Аймақ бүкіл елді күрішпен қамтамасыз етіп қана қоймай, азық-түлік тауарларының экспортында берік орын алуда.
«Бүгінгі біздің міндетіміз – Қызылорда облысының шағын және орта бизнесінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру. Өңделген өнімнің $143 миллион долларлық экспортының 35%-ы күріш жеткізіліміне тиесілі. Күріш бойынша жергілікті өндірістік базалардың болуы осы өнімнің шетелге экспортын ұлғайту үшін тамаша жағдай болып отыр», – деп есептейді «QazTrade»басшысы.
Қызылорда облысының кәсіпорындары күріштен басқа үлкен көлемде уран (жалпы экспорттың үлесінде 40,8%), цемент (7,3%), балық филесі (5,8%), тұз (3,5%) экспорттайды.
QazTrade басшысының мәліметінше, 2024 маркетингтік жылы күріш өндірісі мен тұтыну теңгерімін қалпына келтіру күтілуде. Өнімділіктің орташа деңгейін сақтай отырып, күріштің жалпы түсімі 505 мың тонна деңгейінде күтілуде, бұл өткен жылғы деңгейден 17,2%-ға асады. Тауарлық күріш өндірісінің көлемі 240 мың тоннаны құрайды.
«Ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін бізге 170 мың тонна жеткілікті болады және тиісінше экспорттық әлеует 70 мың тонна деңгейінде болады. Экспорт көлемінің өсу әлеуеті ішкі нарыққа зиян келтірместен өткен жылға қарағанда +20%-ды құрайды», – деді Рустам Асулбек.
Бұл ретте қазақстандық компаниялар күрішті өңдеу тереңдігін арттыруы қажет.
«Мысалы, қазір біз Қазақстанда өндірісі жоқ немесе нашар дамыған күріш сүті, күріш крахмалы, күріш ұны сияқты өнімдер бойынша экспорттың зор әлеуетін көріп отырмыз. Бұл өнімдер АҚШ, Еуропа және Қытай, Орталық Азия және ЕАЭО-да жоғары сұранысқа ие. Олардың импортының жиынтық көлемі жылына шамамен 1,2 млрд долларды құрайды және болжам бойынша ол жыл сайын 14%-ға ұлғаяды», – деді Рустам Асулбек.
QazTrade өз тарапынан сыртқы нарықтарға шығу үшін қызылордалық кәсіпорындарға көмек көрсетуге дайын.