Орталық Азия елдерінің төмен көміртекті тауарлармен сауда жасауға дайындығын жетекші сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері халықаралық сауда орталығы мен оның ОА-дағы институционалдық серіктесі – QazTrade ұйымдастырған онлайн-тренингте талқылады.
Вебинарға қатысушылар Еуропалық Одақтың шекаралық көміртекті түзету механизмі (ШКТМ) туралы келісімімен танысты, сондай-ақ басқа юрисдикциялардағы осы құжатпен байланысты оқиғаларды қарастырды. Мамандар ШКТМ-ның Орталық Азиядан келетін саудаға ықтимал әсеріне талдау жүргізді, сондай-ақ өңір елдері ШКТМ талаптарына сәйкес келу және төмен көміртекті саудаға көшуге дайындық үшін пайдаланылуы мүмкін сауда және инвестициялық саясат құралдарын ұсынды.
«Бұл тақырыпты талқылау жалпы Орталық Азия мемлекеттері үшін де, қазақстандық өндірушілер үшін де стратегиялық маңызға ие. Төмен көміртекті саудаға көшу және климат саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау қазіргі әлемдік бизнесте өзекті бола түсуде. Тренинг және осыған ұқсас іс-шаралар Орталық Азияның әлемдік нарықтардағы ұстанымдары мен хабардарлығын арттыруға ықпал етеді», – деп есептейді Экономика бойынша PhD, QazTrade Academy басшысы Айнұр Әмірбекова.
2023 жылдың мамырында Еуропалық одақ сауда саласы үшін маңызды реттеуші маңызы бар шекаралық көміртекті түзету механизмі (ШКТM) регламентінің соңғы мәтінін жариялады. Ресми түрде жаңа механизм 2023 жылдың 1 қазанынан бастап күшіне енеді және 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін екі жылдық өтпелі кезеңмен жұмыс істейді.
Айнұр Әмірбекова түсіндіргеніндей, бұл реттеу импорттаушылардың 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті ШКТМ сертификаттарын міндетті түрде алуларын көздейді, бұл қосымша шығындарға әкелуі мүмкін.
ШКТМ цемент, тыңайтқыш, темір және болат, алюминий, сутегі және электр энергиясы, тыңайтқыштар сияқты бірқатар негізгі өнімдерді қамтиды. Өткен жылы Қазақстан ЕО елдеріне 388,2 млн доллар сомасына ШКТМ-ның реттеуіне жататын тауарларды экспорттады. Бұл ретте 2023 жылдың алғашқы бес айында осы санаттағы экспорт 72,3 млн долларға дейін төмендеді.
Сарапшылардың пікірінше, реттеу парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және өндірісте төмен көміртекті технологияларды ілгерілетуге ықпал етеді.
«Төмен көміртекті тауарлармен сауданың жаңа ережелері қазақстандық өндірушілерді ШКТМ-мен байланысты реттеуші талаптарға бейімделуге және ыңғайлануға шақырады. Сондықтан Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы осы өзгерістерге дайындалуы қажет», – деп түйіндеді QazTrade Academy порталының басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, QazTradeAcademy экспорттаушыларға арналған білім беру платформасы (www.qaztradeacademy.kz) шекаралық көміртегі салығы және жасыл экономикаға көшу тақырыптары бойынша оқу материалдарын қамтиды.
Ready4Trade Орталық Азия жобасын Еуропалық Одақ қаржыландырады және халықаралық сауда арқылы жүзеге асырылады.