Астана қаласының MICE-индустриясын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева және «SPK Astana Development» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Ералы Оралов қол қойды.
Құжатқа сәйкес Тараптар қажетті ақпаратпен алмасуды, сондай-ақ Елордада инвестициялар тарту және бизнесті дамыту жөніндегі жобаларға қатысуды жоспарлап отыр.
«Біздің компанияның негізгі қызметі сыртқы нарықтарға экспортты ілгерілету болып табылады. Бизнеске арналған іс-шараларды біз шетелде де, Қазақстанда да өткіземіз. Сіздермен ынтымақтастық экспортқа бағдарланған қазақстандық кәсіпорындар үшін көбірек серіктестер тартуға көмектеседі, сондай-ақ Қазақстанда іскерлік туризмді дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті Әсел Егембердиева.
Келісімге қатысушылар келешекте іскерлік іс-шараларды, өңірлік және халықаралық конференциялар мен бизнес-форумдарды бірлесіп әзірлеуге және өткізуге уағдаласты.
«Біздің компаниялардың қызметінде көптеген байланыс нүктелері бар. Күш-жігерді біріктіре отырып, біз Астана мен өңірлердің экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған, оның ішінде инвестициялар тарту және шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бірлескен жобаларды ілгерілетіп, іске асыра аламыз», – деді Ералы Оралов.