QazTrade Қытайға 45 астық тасығыш жөнелтуге көмектесті - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade Қытайға 45 астық тасығыш жөнелтуге көмектесті

Қазақстан бидайды Қытайға жеткізуді қайта бастады. 45 астық таситын пилоттық пойыз 2023 жылдың 31 наурызында Төңкеріс станциясынан Алашанькоға аттанды. QazTrade астықты темір жолмен тасымалдауды қалпына келтіруге жәрдем көрсетті.

Атап айтқанда, сарапшылар «Астық Транс» АҚ ұсынған Қытайдағы Алашанькоу станциясына дейін бидайды жеткізудің тәуекелсіз схемасының сауда-экономикалық әсеріне талдау жүргізді. Талдамалық деректер ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП парткомының хатшысы Ма Синжуйдің Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Алматыда өткен Қазақстан мен Қытайдың шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогы шеңберінде қытайлық әріптестермен келіссөздер ұстанымына негіз болды.

Қазақстан-Қытай бизнес-форумында Серік Жұманғарин хабарлағандай, Қазақстан ҚХР-ға жыл сайынғы бидай жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да жоғары деңгейге жеткізуге дайын.

«Бұл үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де бар. Мен бір теміржол астық құрамын ҚХР Бонд аймағына пилоттық бағыттау туралы тапсырма бердім», – деді вице-премьердің міндетін атқарушы.

Айта кетейік, жақында Үкіметте Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мен импорттаудың проблемалық мәселелерін шешуге арналған кеңес өтті. Премьер-Министр орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңес барысында теміржол тасымалдарының операторы «Астық Транс» АҚ-ы бидайды астық таситын көліктерде Қытайға тасымалдау тәсілін айтты. Ол Алашанькоу станциясындағы АЭА аумағына бидайдың жүйелі және ырғақты жеткізілімдерін жолға қоюды көздейді. Шекарада жылжымалы құрамның кептелу қаупін азайту үшін жүк жөнелтуші екі жаққа да тиелген рейс үшін алдын ала төлем жасайды, осылайша вагондардың үш күндік мерзімде қайтарылуын қамтамасыз етеді.

 

 

 

 

Пікір қалдыру