Шанхай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі (CIIE-2025) аясында Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы QazTrade және Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Optimize Integration Group (OIG) компаниясы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Келісімнің басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық сауданы дамыту, қазақстандық тауарлардың қытай нарығына жылдамырақ әрі ыңғайлы шығуына мүмкіндік беретін онлайн-платформалар мен құралдарды құру. Тараптар қазақстандық азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп ілгерілетуге, логистиканы жетілдіруге, заманауи технологиялар мен өзара есеп айырысу жүйелерін дамытуға уағдаласты.
OIG Group – Қытайдағы азық-түлік импорттау саласындағы ең ірі және технологиялық тұрғыдан дамыған компаниялардың бірі. Компания Қытайдың ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіреді, әлем бойынша 31 мың жеткізушімен жұмыс істейді, Қытайда 15 кеңсесі және шетелде 11 өкілдігі бар. OIG платформасы арқылы Қытайға импортталатын барлық мұздатылған өнімдердің 18%-ы өтеді. Бұл Қытай нарығындағы әр жетінші сиыр стейкі, әр алтыншы тауық төс еті және әр бесінші асшаян дегенді білдіреді.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, OIG компаниясымен ынтымақтастық Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады:
«OIG – Қытайдағы ең технологиялық және ықпалды сауда платформаларының бірі. Осы серіктестіктің арқасында қазақстандық өндірушілер Қытайға жеткізуді арттырып қана қоймай, заманауи цифрлық жеткізу тізбектерінің бір бөлігі бола алады. Бұл электрондық сауданы дамыту мен елдер арасындағы өзара сенімді нығайту жолындағы үлкен қадам».
Шанхай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі (CIIE) сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және әлемдік сауданың ең ірі алаңдарының бірі болып табылады. Биыл көрмеге 150-ден астам ел мен өңірдің компаниялары қатысуда, ал Қазақстан үш алаңда ұсынылған. Отандық өндірушілердің қатысуы QazTrade қолдауымен ұйымдастырылды.
OIG компаниясымен меморандумға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық және сауда ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды қадам болып, отандық өнім экспортын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.




