Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 25 қыркүйекте Астанаға Вьетнамнан іскер делегация келді. Бизнес өкілдері арасында ірі ұйымдар: VACOB (Вьетнам тұтыну тауарларын дамыту қауымдастығы), Viha Thong Nhat (жиһаз өнімдерін өндірушілер), SBM (инвестициялық акционерлік қоғам), Phuoc Thuan M ауыл шаруашылығы компаниясы және басқалары бар.
QazTrade сарапшылары вьетнамдық бизнесмендерге Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы таныстыру өткізіп, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Бұған дейін, 15-17 наурызда қазақстандық компаниялар Ханой қаласына сауда-экономикалық миссиямен барған болатын. Экспорттық акселерация бағдарламасы аясында вьетнамдық компаниялар мен қазақстандық бизнес арасында келіссөздер жүргізілді. Шетелдік әріптестер арасында алкоголь өнімдерін, дәмдеуіштерді, тағамдық қоспаларды, тыңайтқыштарды өндірумен және IT-қызметтерді ұсынумен айналысатын компаниялар үлкен қызығушылық тудырды.