Қазақстандық делегацияның «Зауралье-2025» VII Бүкілресейлік инвестициялық сабантуйына қатысуының негізгі нәтижесі – Башқұртстанда қазақстандық өнімдерді ұсыну және өткізу үшін мамандандырылған сауда үйін құру туралы шешім болды. Жобаға арналған жер телімі бөлінеді. Инвесторлар нысанды салуға және пайдалануға қаржы салуға дайын екенін білдірді.

«Башқұртстан – Қазақстан үшін сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында Ресейдің негізгі өңірлерінің бірі. Сибайдағы форум біз үшін нақты жобаларды талқылау алаңы болды. Олар қазақстандық компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге және екіжақты байланыстарды нығайтуға көмектеседі», – деп атап өтті «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы Бас директорының орынбасары, қазақстандық делегацияны басқарған Бауыржан Гайса.
Сонымен қатар тараптар өзара тауар айналымын жеңілдету тетіктерін талқылады. Ерекше назар агроөнеркәсіпке, машина жасауға және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге аударылды. Экспорттаушыларды қолдаудың бірлескен бағдарламалары және қаз өсіру саласында технологиялар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді.

«Зауралье-2025» VII Бүкілресейлік инвестициялық сабантуйы жыл сайын қыркүйек айында Башқұртстан Республикасының Сибай қаласында өтеді. Биыл оған Ресейдің 28 өңірінен және Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Иран, Кувейт және Оңтүстік Африка секілді 10 елден 2,5 мыңнан астам бизнес, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«QazTrade» экспортты қолдау, кооперациялық байланыстарды дамыту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.



