QazTrade бағдарламасының қатысушылары – өңірлік нарық көшбасшыларының қатарында - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade бағдарламасының қатысушылары – өңірлік нарық көшбасшыларының қатарында

QazTrade экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы Маңғыстау облысының үш бірдей кәсіпорны «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының жеңімпаздары атанды. Бұл — Ақтауда «QazTrade» қатысуымен өткен бизнеске қолдау көрсету іс-шараларының маңызды нәтижелерінің бірі болды.

«Судовое оборудование и сервис», «Баласагун» және «7 Colibri» компаниялары сапасы мен экспорттық әлеуеті үшін марапатталды.
«7 Colibri» HoReCa және бөлшек сауда сегментіне арналған 26-дан астам сироп пен топпинг шығарады.
«Баласагун» — тұрмыстық химия өндірушісі, нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар, өнімдері сертификатталған.
Ал «Судовое оборудование и сервис» теңіз техникасын жасау және жөндеумен айналысады.

Ақтауға іссапар аясында QazTrade тобы Экспорттық акселерация – 2025 бағдарламасы және басқа да қолдау шаралары туралы презентациялар өткізді.
Сапардың қорытындысы ретінде қатысушылар кәсіпорындарға барып, өндірістік нысандармен танысты. Кездесу барысында экспорттық жоспарлар, өндірістік қуаттылық және мемлекеттік қолдауға деген қажеттіліктер талқыланды.

QazTrade өкілдері атап өткендей:
«Мұндай сапарлар бізге өндірушілермен тікелей диалог орнатып, олардың экспорттық әлеуетін нақты жерде бағалауға және сәйкес қолдау құралдарын жедел ұсынуға мүмкіндік береді.»

Кездесуге қатысқан кәсіпорындар экспортқа бағытталған. Мысалы, «Судовое оборудование и сервис» кеме жасап, қосалқы бөлшектер өндіріп, қызмет көрсетсе, «Ақтау Агро» құс етінен өнім шығарып, Азия елдерінде сұранысқа ие тауық аяқтарын экспорттауға дайын.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясындағы жеңіс — біздің даму бағытымыздың дұрыстығын дәлелдейтін марапат қана емес, бүкіл команда еңбегінің нәтижесі мен сыртқы нарыққа шығуға бағытталған стратегиямыздың растамасы. Байқау ұйымдастырушыларына және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығына алғысымызды білдіреміз.
QazTrade қолдауымен біз жаһандық нарықта қазақстандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті бола алатынына сенімдіміз. Бұл жеңіс — тек бастамасы. Біз келесі қадамға дайынбыз», — деді «Судовое оборудование и сервис» компаниясында.

Маңғыстау облысындағы іс-шаралар Экспорттық акселерация – 2025 бағдарламасы аясында өңірлік өндірушілерді сыртқы нарықтарға шығару бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.

QazTrade алдағы уақытта да өңірлермен тығыз жұмысын жалғастыра отырып, шикізаттық емес экспортты дамыту мен қазақстандық өнімді шетелге жылжытуға басымдық беретін болады.