Қазақстан Түрікменстанның Аваза қаласында өтіп жатқан, теңізге шыға алмайтын елдерге (LLDC) арналған БҰҰ конференциясына қатысты. Іс-шара аясында QazTrade-тің «Экспорттық акселерация – 2025» бағдарламасының қатысушылары өз өнімдерін ұсынды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы сауда байланысын және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерінің ел үшін жоғары маңызын көрсетті.
Қазақстанның ұлттық павильонында қайта өңделген АӨК өнімдері, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және экспортқа бағытталған инновациялар салаларындағы компаниялар таныстырылды. Қатысушылар өнімдерінің кең ассортиментін және халықаралық нарыққа шығу әлеуетін паш етті.
Конференцияның негізгі сәттерінің бірі – Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нұсуповтың сөз сөйлеуі болды. Ол:
«Теңізге шыға алмайтын ең ірі ел ретінде біз географиялық шектеулерді стратегиялық артықшылықтарға айналдырдық», — деп атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан инфрақұрылым мен цифрлық шешімдерге белсенді инвестиция салып келеді: «KEDEN» жүйесі енгізілді, цифрлық сауда дәлізі құрылды. Бұл 2024 жылы Орта дәліз бойынша жүк ағынын 63%-ға арттырып, контейнерлік тасымалды екі есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. SPECA елдерімен сауда айналымы $10 млрд-қа жетті, алдағы жылдары оны екі еселеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2024 жылы электрондық сауда нарығы 60%-ға өсіп, $6 млрд-қа жетті.
Қазақстандық компаниялардың өнімдері халықаралық делегациялардың қызығушылығын тудырып, сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі үшін жоғары бағаланды.