QazTrade 2025 жылға арналған экспорттық акселерация бағдарламасының қорытындысын шығарды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade 2025 жылға арналған экспорттық акселерация бағдарламасының қорытындысын шығарды

В 2025 жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық ұйымы — QazTrade — отандық компанияларды сыртқы нарықтарға шығуға кешенді түрде даярлауға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыруды жалғастырды.

Бағдарлама экспорттаушының бүкіл жолын қамтиды — бастапқы диагностика мен оқытудан бастап келіссөздерді сүйемелдеуге және экспорттық келісімшарттар жасасуға дейін.

120 компания және экономиканың 14 саласы

Жыл қорытындысы бойынша бағдарламаға экономиканың 14 саласынан 120 компания қатысты. Олардың қатарында — тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, химия саласы, фармацевтика және медицина, металлургия, IT-қызметтер, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және қызмет көрсету саласы бар.

Ең көп өкілдік тамақ өнеркәсібіне тиесілі болды — 39 компания, машина жасау — 25, химия саласы — 18, жеңіл өнеркәсіп — 9, медицина және фармацевтика — 8, сондай-ақ IT-қызметтер мен қызмет көрсету саласы — 9 компания.

География мен мақсатты нарықтардың кеңеюі

2025 жылы бағдарлама салалық қамтуы мен географиясы бойынша едәуір кеңейтілді. Бұған дейін негізгі назар тамақ өнеркәсібі мен IT-секторға аударылса, есепті жылы акселерация 14 саланы қамтып, 8 мақсатты нарыққа бағытталды.

Басым бағыттардың қатарында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы Корольдігі және Италия бар. Мұндай тәсіл экспорттық бағыттарды әртараптандыруға және жекелеген нарықтарға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік берді.

Оқыту, сүйемелдеу және экспорттық келісімшарттар

Бағдарлама аясында компаниялар оқытудан өтті, экспорттық диагностика жасалды, консультациялық және сервистік қолдау алды, сондай-ақ шетелдік нарықтарға шығу кезінде сүйемелдеу көрсетілді. Бұған қоса, қатысушылар Қытай мен Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтті.

Қатысудың практикалық нәтижесі ретінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 180 млн АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісімшарттар жасалды.

Шетелдегі сауда-экономикалық миссиялар

Экспорттық акселерация бағдарламасымен қатар қатысушы компаниялар QazTrade ұйымдастырған сауда-экономикалық миссияларға қатысты. Жыл ішінде Иран, Венгрия, Қытай (Сиань, Чунцин, Гуанчжоу), Ауғанстан, Малайзия, Өзбекстан, Беларусь және Пәкістан елдерінде 10 СЭМ өткізілді.

Бұл миссиялар шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнатуға және қазақстандық өнімнің жаңа нарықтарға шығуын жеделдетуге мүмкіндік берді.

Экспорттаушылар санының өсуі және ШОБ рөлі

Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы белсенді экспорттаушылар саны 1 000 компанияға жетті. Бұл ретте қолдау бағдарламаларына қатысушылардың шамамен 80%-ын шағын және орта бизнес субъектілері құрады, ал компаниялардың 60%-дан астамы тамақ өнеркәсібін ұсынады.

Қаржылық емес қолдаудың негізгі құралы

QazTrade экспорттық акселерациясы экспортты қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Бағдарлама нақты нәтижеге және қазақстандық өндірушілердің тұрақты экспорттық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған, бұл елдің халықаралық нарықтардағы позициясын нығайтуға және сыртқы сауданы әртараптандыруға ықпал етеді.