Қазақстанның Гуандун провинциясымен саудасы бір жылда 37%-ға өсті - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстанның Гуандун провинциясымен саудасы бір жылда 37%-ға өсті

Гуанчжоу қаласында Гуандун провинциясының іскер топтарын және 20-дан астам қазақстандық компания өкілдерін біріктірген Қазақстанның Сауда-экономикалық миссиясы (СЭМ) өтті.

Форумды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашты. Ол Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық одақтас екенін атап өтіп, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі ел арасындағы тауар айналымы 15 млрд АҚШ долларына жуықтағанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға артық екенін жеткізді.

Министр Қытайдың ЖІӨ $1,9 трлн құрайтын ең ірі экономикасы – Гуандун провинциясының әлеуетін де ерекше атап өтті. Өткен жылы Қазақстанмен сауда көлемі 37,3%-ға артты.

СЭМ аясында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Олардың ішінде экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор «QazTrade» пен Guangdong Chamber of Commerce of Importers & Exporters арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Осы келісім мен келіссөздердің нәтижесінде провинцияның ірі сауда қауымдастықтарымен байланыс орнатылып, жалпы құны $45 млн болатын рапс майы, мал азығы ұны және арпа жеткізу жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар, қытайлық тарап қытырлақ нандарға, табиғи шырындарға және түйе сүтінің ұнтағына үлкен қызығушылық танытты. Бұл қазақстандық өнімдердің ҚХР-ға экспортын кеңейтуге қосымша мүмкіндік ашады.

Сауда келісімдерімен қатар инфрақұрылымдық мәселелер де талқыланды. Қазақстан Қытай–Еуропа бағытындағы негізгі транзиттік торап болып қала береді. Бүгінде жүктің 80%-дан астамы еліміздің аумағы арқылы өтеді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий дәлізі аясында 2030 жылға қарай Қазақстан Орта дәліз бойынша тасымал көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Форум қатысушылары инвестициялық ынтымақтастыққа да айрықша назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 26,4 млрд АҚШ доллары көлемінде қытайлық инвестиция тартылды. Қазіргі таңда құны 66 млрд АҚШ долларынан асатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда, оның 67-сі сәтті аяқталған. Бұл көрсеткіштер бизнестің сенім деңгейінің жоғары екенін және серіктестіктің тұрақтылығын айғақтайды.

Қорытындылай келе, Арман Шаққалиев Гуандун кәсіпкерлерін Қазақстанды жаңа жобалар үшін алаң ретінде белсенді қарастыруға шақырды: «Біз серіктестерімізге тиімді жағдайлар, салықтық жеңілдіктер және заманауи инфрақұрылым ұсына аламыз. Қазақстан Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс және Еуропа нарықтарына шығу үшін алтын көпірге айналады».

Миссия қорытындысы бойынша тараптар жеткізілімдерді ұлғайту, жаңа бірлескен бастамаларды іске қосу және өңіраралық байланыстарды нығайту жөнінде уағдаласты. Гуанчжоудағы СЭМ Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне айналды.