Қазақстандық өндірушілер LuLu сауда желісі арқылы БАӘ нарығына шығуда - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстандық өндірушілер LuLu сауда желісі арқылы БАӘ нарығына шығуда

Абу-Даби, 2026 жылдың 8 қазаны.

Қазақстандық өндірушілер Таяу Шығыстағы ең ірі бөлшек сауда желілерінің бірі – LuLu-мен ынтымақтастық орнату арқылы Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығуда. 6–8 қазан күндері Абу-Дабидегі ADNEC Centre көрме орталығында өткен Global Food Week 2026 халықаралық көрмесі аясында отандық компаниялар сауда желісімен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Келісімдерге SBK Company, Brand Kazakhstan және NEW Energy Drink компаниялары қол қойды. Олар азық-түлік өнімдерін, табиғи бал мен энергетикалық сусындарды ұсынады. Қол жеткізілген уағдаластықтар қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін сауда желісінің сөрелеріне орналастыруға және БАӘ нарығындағы қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Келесі кезеңде өнім ассортименті, коммерциялық шарттар мен тауарларға қойылатын талаптар келісіліп, жеткізілімдерді ұйымдастыру мәселелері пысықталады. Бұл – отандық өнімдерді халықаралық көрмеде таныстырудан бастап, оларды шетелдік нарықта ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам.

Global Food Week 2026 көрмесіндегі Made in Kazakhstan ұлттық экспозициясында түрлі азық-түлік өнімдерін өндіретін компаниялар бас қосты. LuLu сауда желісімен келісімдерге қол қойған компаниялардан бөлек, өз өнімдерін Nurel Product, «Алан и К», «Шабыт» ЖШС / Speranza және Qazaq Gourmet компаниялары да ұсынды. Көрме стендінде бал, жарма, дәнді дақылдар, өңделген жеміс өнімдері, сусындар, жаңа піскен сиыр және қой еті, сондай-ақ халал санатындағы ет өнімдері таныстырылды.

Көрмеге қатысу отандық кәсіпорындарға өз өнімдерін халықаралық серіктестерге таныстыруға және экспортты одан әрі дамыту үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Ірі сауда желілерімен ынтымақтастық сату географиясын кеңейтуге және қазақстандық тауарлардың шетелдегі позициясын нығайтуға қосымша жол ашады.

«Біз үшін қазақстандық компаниялардың халықаралық көрмелерге қатысуы нақты коммерциялық нәтижелерге ұласқаны маңызды. Өнімді таныстырумен жұмыс аяқталмайды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, сауда желілерінің талаптарын келісіп, кәсіпорындарды нақты жеткізілімдерге дайындау қажет. Отандық өндірушілердің LuLu желісімен ынтымақтастыққа дайын болуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Біздің міндетіміз – бизнеске шетелдік нарыққа шығудан бастап, тұрақты экспорттық арналарды қалыптастыруға дейін қолдау көрсету», – деді QazTrade бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.

Қазақстандық өндірушілердің БАӘ нарығына шығуы Made in Kazakhstan өнімдерін ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейтіп, экспорттық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалайды.