Қазақстандық экспорттаушылар шетел нарығына шығуға кедергі келтіретін мәселелерді тікелей жеткізе алады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстандық экспорттаушылар шетел нарығына шығуға кедергі келтіретін мәселелерді тікелей жеткізе алады

Кедендік рәсімдеудегі қиындықтар, шекарада жүктің кідіруі, өнімді сертификаттау немесе шет мемлекеттерде қажетті рұқсат құжаттарын алу мәселелері. Осындай кедергілерге тап болған қазақстандық компаниялар ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі штабқа жүгіне алады. Мұнда кәсіпкерлердің өтініштері мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралып, қабылданған шешімдердің орындалуы бақылауға алынады.

Штабқа Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі төрағалық етеді. Оның жұмысына бейінді министрліктердің, ұлттық компаниялардың, даму институттарының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысады. Штабтың жұмыс органы – «QazTrade» АҚ. Компания экспорттаушылардың өтініштерін қабылдап, олардың қаралуын ұйымдастырады және берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалайды.

Шетелге өнім жеткізу барысында түрлі кедергілерге тап болған қазақстандық кәсіпорындар Штабтың көмегіне жүгіне алады. Атап айтқанда, көлік және логистика, кедендік рәсімдер, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптар, өнімді сертификаттау, сондай-ақ салық салу, валюталық реттеу, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларына қатысты мәселелер қаралады.

Бұл ретте кәсіпкер өз мәселесін қай мемлекеттік орган шешуі тиіс екенін анықтап әуре болмайды. Ол үшін QazTrade-ке өтініш жолдау жеткілікті. Компания мамандары өтінішті тіркеп, қажетті мәліметтерді нақтылайды және оны қараудың тиісті тәртібін айқындайды.

Егер мәселе жеке кәсіпорынға қатысты болса, өтініш тиісті мемлекеттік органға жолданады. Белгілі бір елмен сауда жасау барысында туындаған кедергілер елдік жобалық топтар шеңберінде қаралады. Ал бірнеше экспорттаушының немесе тұтас саланың мүддесіне әсер ететін жүйелі мәселелер Штаб отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

Штаб отырыстары Сауда және интеграция министрінің төрағалығымен айына кемінде бір рет өткізіледі. Отырыста экспорттаушы өз мәселесін мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей жеткізеді. Ал жауапты ведомстволар оны шешудің нақты жолдарын ұсынады.

Талқылау қорытындысы бойынша жауапты орындаушылар мен орындалу мерзімдері көрсетілген нақты тапсырмалар беріледі. Олардың орындалуын QazTrade бақылайды. Егер мәселе белгіленген мерзімде шешілмесе, ол Штабтың қарауына қайта шығарылады. Қажет болған жағдайда шешімін таппаған мәселелер министрлік пен Үкімет басшылығының деңгейіне жеткізіледі.

Осылайша, Штабтың жұмысы кеңес берумен немесе өтініштерді бір мемлекеттік органнан екіншісіне жолдаумен ғана шектелмейді. Әрбір мәселе белгіленген тәртіппен қаралып, экспорттаушы қабылданған шаралардың нәтижесі туралы ақпарат алады.

Саудадағы кедергілерді жоюмен қатар, QazTrade кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдары бойынша да кеңес береді. Компаниялар өнімді шетел нарықтарында ілгерілетуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу, жаңа нарықтарға шығу, халықаралық көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, сондай-ақ экспорттық құжаттарды рәсімдеу және сертификаттау талаптары жөнінде ақпарат ала алады.

Өтінішті QazTrade байланыс орталығының +7 777 022 23 34 нөміріне хабарласу немесе kense@qaztrade.org.kzэлектрондық поштасына жолдау арқылы беруге болады. Сонымен қатар мәселелер салалық қауымдастықтар, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және Қазақстанның шетелдегі мекемелері арқылы да қабылданады.