Бүгін Карачи қаласында Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы өтуде, оған екі елдің билік және бизнес өкілдері қатысуда.
Форумда ұлттық сыртқы сауданы қолдау операторы «QazTrade» басқарушы директоры Айгүл Амірбекова Қазақстан экспортын дамыту мүмкіндіктері мен кәсіпкерлерге арналған кешенді қолдау құралдарын таныстырды.
«Қазақстан сыртқы сауданы белсенді түрде дамыта отырып, ұлттық бизнестің сыртқы нарықтарға шығуына жағдай жасайды. QazTrade экспорттаушыларды барлық кезеңдерде — мүмкіндіктерді іздеуден бастап, келісімшарттарды жасауға дейін сүйемелдейді. Біз акселерациялық бағдарламалар ұсынамыз, шығындардың бір бөлігін өтейміз, бизнес-миссиялар мен сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырамыз, компанияларға халықаралық маркетплейстерге шығуға көмектесеміз және олардың мүдделерін ЕАЭО мен ДСҰ шеңберінде қорғаймыз».
Спикер экспорттық акселерация бағдарламасына ерекше көңіл бөлді:
«Қазақстанда экспорттық акселерация бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда, оның аясында шағын және орта бизнес сыртқы нарықтарға шығуда барлық кезеңдерде сараптамалық қолдау алады — диагностикадан бастап, шетелдегі сенімді серіктестерді іздеуге дейін. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Бағдарлама географиясы Орталық Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Қытай, Ресей, Әзірбайжан және Түркияны қамтиды. Біздің міндетіміз — тек экспорт көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар сенім мен өзара мүдделерге негізделген ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарын құру», — деп атап өтті Амірбекова.
Форумға Қазақстанның негізгі экономикалық секторларының өкілдері қатысты: ауыл шаруашылығы, логистика, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі, қаржылық және инвестициялық қызметтер, инжиниринг, энергетика, медициналық құрылғылар, туризм және экологиялық қызметтер.
Тауар айналымының өсуі және жаңа мүмкіндіктер
Экономикалық байланыстардың өсуі екі тараптың да серіктестікті нығайтуға тұрақты қызығушылығын растайды. Форумда Пәкістанмен қарым-қатынастарды дамытуға ерекше назар аударылды, 2023–2024 жылдары тауар айналымы 2,1%-ға өсіп, 53,6 миллион АҚШ долларына жетті.
QazTrade мәліметтері бойынша:
- Қазақстанның Пәкістанға экспорты 2,1 есеге артып, 11,8 миллион АҚШ долларын құрады.
- Экспорттың негізін ауыл шаруашылығы өнімдері құрайды: пияз, сарымсақ, зығыр тұқымы, бұршақ тұқымдас өсімдіктер, металл құрылымдар.
- Пәкістаннан импорт 41,9 миллион АҚШ долларына жетті — негізінен цитрустық жемістер, дәрілік құралдар және тоқыма бұйымдары.
Бұл цифрлар өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын және сауда қатынастарын әрі қарай дамыту үшін үлкен әлеует барын көрсетеді.
Логистика — басты сын-тегеурін
Форумға қатысушылар Пәкістанның қазақстандық өнімдер үшін әлеуетті нарық екенін атап өтті. Сонымен қатар, негізгі проблемалардың бірі логистика екендігі баса айтылды.
«Қазіргі таңда Пәкістанмен жұмыс істеуде негізгі кедергілердің бірі — логистика. Жеткізу құнының жоғары болуы қазақстандық жеткізушілер үшін алаңдаушылық тудырады. Сонымен қатар, сертификаттау және кеден рәсімдерін біз сәтті өтіп жатырмыз — сапалы өнім болған жағдайда елеулі қиындықтар болмайды», — деп түсіндірді «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Гүлмира Уахитова.
B2B келіссөздер мен болашақ жоспарлар
Форумға Қазақстаннан 60-тан астам компания, Пәкістаннан — шамамен 200 компания қатысты. Іс-шара аясында B2B келіссөздер белсенді түрде жүргізілді, олар тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, экспорттық мүмкіндіктерді талқылауға және бірлескен жобаларды іске қосуға бағытталды.
QazTrade Пәкістанмен ұзақ мерзімді серіктестік дамытуға үлкен үміт артып отыр, тек сауда көлемінің өсуімен шектелмей, бірлескен инфрақұрылымдық, өндірістік және логистикалық жобаларға жол ашу арқылы екі елдің экономикалық өркендеуіне ықпал етуді көздеуде.
Даму жоспары 2022 ж. Даму жоспары 2023 ж. Даму жоспары 2024 ж.