Қазақстан кәсіпкерлері Malaysia International Halal Showcase (MIHAS-2025) көрмесінде нақты нәтижелерге қол жеткізді. Шара аясында малайзиялық дистрибьютормен жылына 3 млн долларлық келісім жасалса, Hadramawt Kitchen мейрамханалар желісімен тағы 1,5 млн доллар көлемінде шарт бекітілді.

Сонымен бірге қазақстандық өнімдер Малайзиядағы Lucky Frozen және NSK Grocer сынды ірі ритейлерлеріне тестілеуге ұсынылды. Бұл қадам олардың болашақта малайзиялық сауда желілеріне тұрақты түрде шығуына жол ашады.
Көрменің басты оқиғасы – «Қазақстан–Малайзия» бизнес-форумы. Мұнда екі елдің министрлері, дипломаттары мен компания жетекшілері пікір алмасты. Жиын нәтижесінде QazTrade пен MATRADEынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нәтижесінде қазақстандық тауарларға Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығуына мүмкіндік ашылды.
Қазақстан павильоны мәдени бағдарламасымен де ерекше көзге түсті. «Алтын Орда» дизайн үйі әзірлеген этностильдегі киіз үй экспозицияның басты символына айналды. Ал Myrza Brand шапандары стендтің сәнін кіргізіп, қонақтардың ерекше ықыласына ие болды. Меморандум рәсімі кезінде ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ұлттық нақыштағы шапандардың бірін MATRADE төрағасы Dato’ Sri Reezal Merican Naina Merican–ға сыйға тартып, достықтың белгісін паш етті.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров Малайзияны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта екіжақты сауда айналымы 46%-ға өсіп, 98,9 млн долларға жеткен. Қазақстан экспорты да үш есе артып, 2,8 млн долларға дейін көтерілген.

«Бұл сандар мен MIHAS-2025 аясындағы келісімдер Малайзия тарарынан қазақстандық өнімге деген сенімнің күшейгенін аңғартады. Серіктестігімізді одан әрі кеңейтуге толық мүмкіндік бар», – деді ол.




